«Құрмет» орденді агроном
Биыл ауданның аграрлық саласы толағай табысқа жетті. Бұл орасан жетістікке дала еңбеккерлерінің иесі зор үлес қосты. Сырдариялық диқаншылар мол астық жинап, ауданның үздік атануына атсалысты. Үздіктердің қатарында Бесарық ауылындағы «Абай-Дәулет» ЖШС-ның агрономы Өтепберген Қалиевтың еңбегі жоғары бағаланып, жақында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін иеленді.Бұл жоғары марапатты агроном Астана қаласына барып, «Қазақстан фермерелер қауымдастығының» төрағасы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаевтың қолынан алды. Агрономның ауыл шаруашылығы саласына қосқан сүбелі үлесі еленген салтанатты іс-шарада, награда тапсыру рәсімінде қауымдастық төрағасы ауыл еңбеккерлерінің еңбегін ерекше атап өткен болатын.
– Мемлекет басшысы биылғы жылды еңбек адамдарының жылы деп жариялады. Бұл – қарапайым еңбек адамдарының абыройын көтеру, оларды қолдау мен ынталандыруға бағытталған маңызды бастама. Ауылдың тіршілігі маңдай терін төгіп, адал еңбегімен жерді игеріп жүрген азаматтарға тікелей байланысты.
Ауыл шаруашылығында сан түрлі мамандық иелері бар: малшылар, диқаншылар, механизаторлар, ветеринарлар және басқа да саланың белді мамандары. Соңғы уақытта олардың еңбегі ерекше бағаланып, ауылға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдың дамуына берілген нақты қолдау, – деп Мәжіліс қабырғасында депутат Нұржан Әшімбетовпен бірге еңбек озаттарына Президенттің Жарлығына сәйкес мемлекеттік наградаларын тапсырды.
Үздіктердің қатарынан көрінген сырдариялық агроном Өтепберген Алмасұлы – Нағи Ілиясов ауылында туып-өскен азамат. Аудандағы бұрын №10 кәсіптік-техникалық училище аталған арнаулы оқу орнынан тракторист мамандығын алған ол Ресейде азаматтық борышын өтейді. Екі жыл әскерде болып, туған ауылына оралған соң шаруашылықта еңбек жолын бастайды. Әке жолымен күрішші болған жас маман өзінің зеректігінің арқасында «Мағжан және К» ЖШС-де бригада есепшісі болады. Қызметін адал атқарған маманның еңбегі еленіп, одан кейін он жыл бойы бригадир ретінде серіктестіктің жоғары өнім алуына күш салады. Агрономдық еңбек жолын 2019 жылы «Абай-Дәулет» ЖШС-на қызметке ауысқаннан бастап кіріседі. Өз міндетін, яғни топырақтың сапасын жақсарту, өнімділікті арттыру, зиянкестермен және өсімдік ауруларымен күресу, егіс және тыңайтқыш схемаларын әзірлеу, өнім сапасын бақылауда абыройлы еңбек еткен ауыл агрономы бірқатар шаруашылықтың жұмысын ілгерілетеді. Атап айтқанда, «С.Сейфуллин Жер», Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылындағы «Достық», «Мереке», Бесарық шаруа қожалығы, биылғы жылы «Мәді қажы» ЖШС-да егін науқанына қатысады.
– Бала кезімізден ата-анамызға қарап еңбек етудің үлгісін көріп өстік. Әкем күріш екті, мал бағып, зейнетке шықты, анам Рыскүл де күріш егіп, бұзау бақты, сауыншы да болды. Негізгі ақылшым, тәлімгерім әкем болса, еңбектегі нұсқаушым, ұстазым, қазір ауылда жасы сексенге таяған қарт агроном Кенжебек Әнапияев ақсақал. Ол кісіден нағыз еңбектің қара қазанында қалай қайнау керектігін үйрендік. Отбасымыздағы тоғыз ағайынның арасынан ағам Төлепберген екеуіміз әке жолын жалғастырып, ауыл шаруашылығында еңбек етіп келеміз. Жыл сайын үздіктердің қатарынан көріне білдік. Ағам қатарынан бес жыл бойы ауылда чемпион болды. Биылғы жылы ауданнан үздік шығып, «Үздік бригадир» атанды. Алажаздайғы еңбегіміздің арқасында Жер-Анадан нәпақамызды теріп, шаруашылықтың жұмысына үлесімізді қосып келеміз, – дейді агроном Өтепберген Қалиев.
Бір қызығы қос ағайынды Қалиевтер осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2019 жылы озат атанғандары үшін өздері еңбек ететін шаруашылық басшылығынан бір-бір көлік мінген азаматтар. Одан бөлек жыл сайын бағалы сыйлық алып, еңбек өнімділігін арттырудағы еңбегі басшылық тарапынан бағаланып, құрмет төрінен орын алуда.
Биылғы егін науқанында өз ісінің маманы, агроном Өтепберген Алмасұлын жоғарыда айтып өткеніміздей серіктестік басшылығы «Мәді қажы» серіктестігінің күріш егу науқанын атқаруға сенім білдірді. Ауылдың тіршілігіне нәр беретін сала жұмысының тоқтамауын жауапкершілігіне алған серіктестік ресейлік «Лидер» және «Каурис» сортынан жақсы өнім алды. Қарамағында 4 бригадада еңбек еткен күрішшілердің еңбегі ақталды. Білікті агрономның осынау еңбегі ескеріліп, мемлекеттік награда иесі атанды. Шын мәнінде бұл марапат еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетіп, халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етудеге қосқан үлесіне берілді.
Иә, ауыл шаруашылығын дамытуда агрономның еңбегі өте маңызды. Өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, берілген сенімді мінсіз атқаруға үлес қосқан азамат адал да қастерлі еңбектің үлгісін көрсетті. Ауылдағы сыйлы да үлгілі отбасының отағасы жұбайы Ақманатпен Нұрбақыт есімді ұл бала тәрбиелеп отыр. Бір отбасының қос еңбек адамы ел дамуына күш салуда. Ал Астана төрінде агрономға берілген награда еңбекке деген құлшынысын арттыра түскені анық.
Бибісара ЖАНӘЛІ











