Кітап оқу – жаңа тренд: тынысы кең кітапхана – танымы биік ұлт
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттық негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болу керек. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын.
Жалпы ел бойынша 3 883 қоғамдық кітапхана жұмыс істейді екен. Ал биылғы жаңа оқырманның үлесі 5,3 миллионнан асады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, ең белсенді оқырмандар – 17 мен 25 жас аралығындағы жастар. Ал 45 жастан асқан келушілер саны жастарға қарағанда едәуір төмен. Бұл ретте «Жастар кітап оқымайды» деген ойдың негізсіз екеніне көз жеткізуге болады.
Осы орайда аудандық кітапхана жыл басынан бері «Руханият орталығына» қоныс аударғаны белгілі. Самаладай жап-жарық, әсем ғимараттағы кітапханаға бас сұғып, рақаттана тарих парақтарын ақтару ерекше сезім сыйлары анық. Кітапханашылардың айтуынша, жаңа ғимаратпен кітапхананың жаңа демі ашылғандай. Бүгінде аталған ғимаратта аудандық орталық кітапхана мен балалар кітапханасы орналасса, одан бөлек ауылдық округтерде орналасқан 15 кітапхана ел игілігі үшін жұмысын жүргізіп отыр.
Жыл басынан бері аудандық кітапханаға екі жүз мыңға жуық қонақ келген. Нақтырақ айтсақ, 185 821 келуші. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 119939-ды құрайды. Он айдың қорытындысы бойынша ауданда 16 433 оқырман тіркеліп, оларға 297 772 рет кітап берілген, ауылдық кітапханаларда он мыңнан астам оқырман тіркеліпті. Жүйе бойынша кітап қоры – 438 867 дана, оның басым көпшілігі қазақ тіліндегі кітаптар. Биылға кітап қоры 1225 данаға артып отыр.
Кітап – адамның айнымас серігі. Ешкім тартып ала алмайтын байлық – білім. Ал білімді құнды кітаптан аларымыз анық. Кітап оқыған адамның ой-өрісі, сөйлеу мәнері өзгешеленіп тұратыны анық. Бұл ретте, бүгінгі оқырман көбіне роман, повесть, поэзия жанрындағы туындылармен бірге, философия, психология бағытындағы кітаптарды жиі таңдайды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден










