Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабай ишан қасиеті

Бабай ишан қасиеті

Артында өнегесі қалып, қазақ жерінде діни ағарту ісін жүргізіп, имандылыққа үйреткен Бабай ишан Жүнісұлы 1857 жылы дүниеге келіпті. Азан шақырып қойған аты – Бабарахым немесе Рахымбаба. Ол Бұхара медресесін бітірген.
Бабай ишан білікті де білімдар, парасатты адам болған. Қатар жайлаған елде орын алған дау-дамайға әділ билік айтып отырған. Бір жылдары екі ел арасында сайда өлген тайдың құнын өтеу жайлы тартыс болыпты. Келісімге келмеген екі жақ билік етуді Бабай Ишаннан өтінеді. Сонда Бабай:
– Қыз беріп, қыз алысып жатқан ағайынсыздар. Арам өлген тай, иесіз қалған сай үшін араларыңыз ажырамасын, дауды тоқтатыңдар, – деген екен. Ишан ауылдағы әрбір отбасының амандығына әрдайым тілеулестік, қамқорлық танытатын болған. Кейде отбасында болатын қауіптен, қазадан құдайы бергізіп, аман қалуды ойлап отыратын көріпкелдігі де бар көрінеді. Бұдан бөлек ишан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ұлағат жөнінде нақыл айтып, келелі кеңестер беріп отырған.
Таздан жарғақ бас туады,
Жалқаудан мал бақпас туады.
Шабаннан желмес туады,
Саңыраудан шақырсаң келмес туады, – дегенді Бабай ишаннан қалған дейді көпшілік.
Кеңес өкіметі кезінде дін өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсеткені белгілі. Діндарларды «халық жауы», «қожа-молда» деп елдің алдына шыққан ірілерді қуғындай бастағанда «жаттың қолында кетпесін» деп Бабай ишан қыздарын жедеғабыл тұрмысқа береді. Бес қызының кенжесі Үммігүлсімді (Үмбіш) белсенді мұғалім Әбілқайырға ұзатып тұрып: «Қызым жыламассың, орыс молда демесең, қожа көрінеді ғой, Ғайыперен қырық шілтен совет үкіметін қолдап тұр, қанша созыларын Алла біледі» депті. Ұлдары өзге шәкірттермен бірге ислам ілімін меңгерсе, діни сауатты қыздарын өнерге де баулыған. Жіңішкелігі моншақтың тесігінен өтетін түйе жүннен жіп иіріп, ақ шекпен тоқиды екен. Елде үрдіс болмаған жеміс ағашын егу, бақша салып, қауын-қарбыз өсіру Бабай ишан ұрпақтарында болған.
Ишанның Әмір Темір деген інісінің Жүсіп деген баласы естелігінде: «Әке, бір кереметіңізді көрсетіңізші» десе керек. «Балам, қорықпасаң көрсетейін» деп сыртқа шығып қайта кіргенде керемет көрмек болған Жүсіп қорыққаннан тонның астына қалай кіріп кеткенін білмей қалыпты. Сөйтсе, Бабай ишан әскери қару-жарақ асынған, сары ала белгілері бар киім киген, әскери адам ретінде көрініпті. Бұл ишанның әулие, қасиетті кісі болғанын білдірсе керек.
Бабай ишанның әйелінің аты – Зере (не Зөре). Құнанбай қажының жұрағаттары. Бабай ишан мен Зереден 5 ұл, 5 қыз тараған. Ишанның Әсия атты қызының үйіндегі, бұл күндері аудандық музейде сақтаулы тұрған «Абайдың асадал шкафы» бұл елге Зере шешенің төркінінен келген жәдігер деп бағалайды (бұдан бұрын Абай тұтынған асадал шкаф жайлы баспа беттеріне мақалалар жарияланған болатын). Сонымен қатар аудан музей қорындағы тағы бір жәдігер – ол Бабай мешіті жанынан табылған тас қайрақ. Музейге А.Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Әбдірасыл Ахметов тапсырған болатын. Бұл тас қайрақ мамандардың пайымдауынша ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда пайдаланылған. Өте ескірген, шеті сынған, бетінде араб тілінде жазылған жазуы бар. Тас қайрақтағы арабша жазуды аудандық мешіттің имамы А.Асқарұлына оқытқанда ол «Қазбекұлы Наурыз» екені белгілі болды.
Бабай ишан мешіті қазіргі А.Тоқмағанбетов атындағы ауылдың Болтай деген жерінде ХІХ ғасырдың соңына таман салынған. Мешіт салуға сол жердің елге сыйлы, беделді азаматтары атсалысқан. Бабай ишан осы жерде діни бағытта қызмет атқарған. Дерек берушілердің айтуынша, мешіт бөлек салынған үш үйден тұрады. Ұзынша келген бір бөлме мешіт аталса, (ортасында жал болған деген әңгіме де бар) екінші үй шәкірттердің жатып оқитын үзірі болса, үшінші үйдің орны қазір биік төбеге айналған. Бұл ишанның тұрғын-жайы болған деседі.
Жалпы, мешіт күйдірілмеген қам кесектен салынып, сабан араласқан сылақпен сыланған (қалдығы бар). Кірпішке жуандығы бармақтай қамыс салып құйылған. Ұзындығы 30 см-дей көлденең өрілген кірпіштер жақсы сақталған, биіктігі 7-8 см. Биік жерге орналасқан мешіттің іргесін 1 метрдей көлденең салынған шоммен көмкерген. Қабырғасының қалыңдығы жарты метрдей. Көз көрген қариялардың айтуынша, оңтүстік пен батысқа қаратып салынған екі терезесі биік орналасып, төбесі доғалданып біткен. Мешіттің батыс тұсында қабырғадан ойылып өрілген, төбесі үшбұрыштанып келген шағын қуысы болыпты. Мешіттің алдыңғы қасбеті үйдің арт жағымен салыстырғанда биік, маңдайшасын еңселі әрі шығыңқы етіп өрген. Есігінің екі жағында шағын екі терезесі және мешіт алдында шағын бөлме бар. Мешіттің ауласына Бабай ишанның өзі отырғызған қара ағаш әлі көктеп тұр. Айналасында тамшы су жоқ, құмның ортасында жалғыз өскен ағаштың діңіне үш адамның құлашы зорға жетеді. Жерден екі метрдей биікте бұтақ жайыла бастаған тұсында ағаштың діңінің ішінде үш қарыстай ойық бар. Жаңбыр мен қардың еріген суына толған су қызыл түске боялған, иіссіз. Бәлкім, тереңге жайылған тамырына қосымша өзегіндегі ойық та суға толып нәр беріп, ағаштың бір ғасырдан астам уақытқа дейін қурамай тұрғанын түсіндіруге болатын сияқты. Қара ағаштың түбінен тағы бір ағаш тамырланып, көлбей өсіп келеді. Қазіргі күнде мешіт қабырғасының бір бөлігі сақталған.
Бабай ишан мешітінде сауатын ашып, батасын алғандардың бірі қазақтың көрнекті ақыны, сол жерде туып-өскен Асқар Тоқмағанбетов. Ақынның:
Бабай мешіті тұсынан өтетін ек,
Алла, Алла, Алла деп,..» деген өлең жолдары кездеседі.
Дүрбелең жылдары Бабай ишан қуғындалып, балалары мен туғандарын жинап, елден ауып кетеді. Одан кейінгі иесіз қалған мешітті мал қораға айналдырмақ болған көрінеді. Алайда қамаған қой бір түнде қырылып қалып, белсенділер ойынан тез қайтады. Соғыстан кейінгі жылдары мешіттің жайын білмеген кісі мешіттің қабырғасынан кесек алып, үйінің пешін қалапты. Жағылған оттың гүрілінен жан түршігетін дыбыс естіліп, мазасын алған соң, себебін сұрастыра келе киелі мешіттің кірпішін орнына қайта қалап, бір мал құрбандық шалған екен.
Сонымен бірге адасқан жолаушыларға жол көрсеткен мешіттің орнындағы беймәлім шырақ туралы әңгімелер ел ішінде жиі айтылады. Осыған тоқталар болсақ, соғыс жылдары колхоздың егін алқабынан бидай ұрлаған әйел ауылды таба алмай адасады. Көзге түрткісіз қараңғыда алыстан көрінген жарыққа беттейді. Жақындай келіп қараса ауыл шетіндегі мешіттің ішінде жанып тұрған шырақ екен. Сөйтіп әлгі әйел ауылды тапқан екен.
1929 жылы елге еңбегі сіңген Бабай ишан да қуғын-сүргін құрығынан тыс қалмады. Қыздарының айтуынша, қатар тұрған үйлерді жықпастан, бастарына шапан жамылып, бүркеніп, дәрет алғалы бара жатқан секілді біртіндеп елдің арасынан шыққан екен. Артық зат алмай, үйді жықпай көшу себебі «белсенділер» біліп қалып, артынан қуып жүрмесін дегені. Елден шығып, Тәжікстанның оңтүстігіне арып-аршып жетеді. Тәжікстанмен шекаралас Термез қаласында сәл кідіргеннен кейін Қорғантөбе қаласынан 3 шақырым жердегі Сохтмони Вахш колхозы Калача қыстағында орналасқан. Қызыл өкіметтің құрығы бұл жерде де тыныш қоймайды. 1937 жылы екі ұлы Қалымбет пен Әбдуәлиді бір түн ішінде НКВД алып кеткен. Зор заманның қанды шеңгелінде қосақталып кеткен ұлдарының соңынан көп ұзамай, сол жылы туған жерден топырақ бұйырмай, Тәжікстанда 80 жасында Бабай ишан да өмірден өтеді.

Салтанат ҚУАНДЫҚОВА,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
14 қыркүйек 2019 ж. 728 0