ҚОНЫСБАЙ ҚАЛПЕ
«Алла-Тағала сүйген құлына ұзақ жас береді», – дейді хадисте. Сол айтқандай, Қонысбай қалпе ғасырға жуық өмір сүрген, дініне берік, тақуа адам болған. «Дін ұстай білсең – қасиет» деген мыңжылдық өсиетті берік ұстанған осы әкеміз.
Кезінде ол Сыр өңіріне белгілі Басапа ишаннан діни сауатын ашып, ілімдер үйренген. Осы орайда Басапа ишан туралы бірер сөз. Өзі діни ғұламалар ортасында дүниеге келіп, сауатын ерте ашып, сол кездегі атақты Дәулет-назар ахунның діни мектебін бітіріп, Бұхара қаласындағы Бұхарама-Шәриф жоғарғы оқу орнын аяқтаған. Төңкерістен бұрын және кейін қазіргі Ақжарма, Жалағаш ауданының Ақарық ауылында балаларды діни оқуға тартқан. Қазіргі Ақжарма, бұрынғы Жаңаөріс ауылының тумасы Қонысбай Кішкентаев осы Басапа ишаннан дәріс алған. Өкінішке орай Басапа ишан «Бай менен молданы қойдай қу қамшымен» деген орашолақ саясат кезінде қуғын-сүргінді көп көріп, ақыр соңында 37 жылдың лаңына ілікті. Кеңес өкіметіне жат элемент саналып, ұзақ мерзімге сотталып, ит жеккенге айдалды. Сол Сібір лагерінде 1946 жылы қайтыс болады. Атақты ишанның шәкірті Қонысбай қалпе сол кездегі солақай саясаттың салдарынан дінді халық арасында ашық насихаттай алмаса да, өзі мұсылмандыққа адал болды. Бес уақыт намазын оқып, ораза айында ауыз бекітті. Аллаға сыйынған адамның денсаулығы мықты болады. Қалпе өмірінде «қыңқ» деп ауырмаған адам екен. 97 жыл өмір сүріп, дүниеден озды. Тағы бір қасиеті еш уақытта суретке түспепті. Үш жүз беттен асатын құранды оқып, тәржімалаған Қонекең қалпе деген атаққа қалай ие болды? Сөздіктерді ақтарып отырсақ, ол туралы мынадай түсініктеме берілген. «Қалпе ислам дінінің Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабындағы атақтардың бірі. Қазақ қоғамында Қалпе деп күнделікті күйбең тіршілікке араласпайтын, ел ішінде сый-құрметке ие болған, шариат заңдарын қатаң орындайтын діндар, тақуа адамды айтады» делінген. Қонысбай қалпенің діни мәртебесі осы анықтамаға сай келеді. Ол Басапа ишаннан кейін өңірге белгілі дін өкілдері Тайман қари, шағандық Айдар мақсұмнан діни білімін жетілдірген.
Бұл мақаланы жазғандағы мақсат, дәстүрлі дінге адал азаматтардың аудан өңірінде болғанын, қасиетті діннің арқасында ұзақ та бақытты өмір сүргенін көпшілік арасында насихаттау болып табылады. Адам өмірі қоғам үшін үлкен құндылық. Осыны шалыс басып, өзге діни ағымның жетегінде кететін бірен-саран жастар ескерсе дейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Сырдария ауданы