Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл 3300 гектарға бақша егілді

Биыл 3300 гектарға бақша егілді

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғындардың өз-өзін бақша дақылдарымен қамтамасыз етуі үшін жер бөлу, пісімшілік кезінде өнімдерін өткізуге жәрдемдесу мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы аудан әкімдеріне, жауапты басқармаларға бақша өнімдерін егуге жер бөлуді жыл сайын ұлғайту, суару жүйелерін жетілдіру және өнімді өткізу тізбегін ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

“Тұрғындардың сұранысын ескеріп, қосымша жер телімдерін анықтау керек. Ауылдық округтерде бос жатқан жерлерді келесі егін маусымында тиімді пайдалану үшін түгендеу жұмыстарын жүргізіңіздер. Егістік жерлерге су жеткізу үшін каналдар мен арықтарды тазалау, жөндеу және қажет болған жағдайда жаңадан қазу қажет”,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кету керек, аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бері жергілікті тұрғындар әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін ұжымдасып еге бастады.

Биыл облыс бойынша 5 100 отбасыға бақша егу үшін 3 300 гектар жер дайындалды, 866 гектарға картоп, 885 гектарға көкөніс, 1 550 гектарға бақша дақылдары егілді.

Өткен жылы 3 179 гектар жер дайындалып, картоп 917 гектарға, көкөніс 817 гектарға, бақша 1 446 гектарға егілген болатын.

Қазір нарықта Жаңақорған қарбызы сұранысқа ие. Биыл Жаңақорған ауданының Ақүй және Жайылма ауылдық округтерінде 1500 гектарға қарбыз егілді. Бүгінде жергілікті диқандар ерте пісетін қарбыз өсірудің барлық әдіс-тәсілін толық меңгерген. Көшетті алдымен ауладағы жылыжайда өсіріп, кейіннен ашық алқапқа көшіру әдісін қолдануда.Биыл қарбыз ерте пісіп, нарыққа шығарылды. Қазіргі таңда 1500 тоннаға жуық қарбыз сатылып, оның 700 тоннасы көрші Ресейге экспортталды. Қалғаны еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
06 шілде 2025 ж. 133 0