Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық сақтау саласын жақсарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту мәселелері қаралды

Денсаулық сақтау саласын жақсарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту мәселелері қаралды

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың төрағалығымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту шаралары жөнінде мәжіліс өтіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Мәжілістен соң аудан әкімі Берік Сәрменбаев аталған мәселелерді талқылап, бірқатар тапсырмалар берді.

Ауданда денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген 207,7 млн. теңгеге Тереңөзек кентіндегі аудандық аурухананың кәріз сору станциясы және паллиативтік медициналық көмек көрсету ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Аталған жобалар жыл соңына дейін толық аяқталады. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінген 103 млн. теңгеге Аманкелді ауылдық дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткізілуде.

Аудан әкімі медициналық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды атап өтті.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығы саласында барлығы 2,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,5 пайызға артқан.

Мемлекет басшысының су үнемдеу және суды тиімді пайдалану тапсырмасына сәйкес, аудан бойынша 13 шаруашылық 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жаңбырлатып суару әдісімен 40 гектар жерге күнбағыс, тамшылатып суару әдісімен 10 гектар жерге жүгері, 50 гектарға бақша дақылдары егіліп, күтіп бапталуда.

Аймақ басшысының тапсырмасымен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін биыл аудан бойынша 420 гектар жер ашылып, 161 отбасы бақша дақылдарын екті.

Берік Әбдіғаппарұлы ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту жұмыстарын ұлғайтуға және шаруашылық құрылымдарының суға қарызын толық төлеуін қамтамасыз етуге тоқталып, салалық орынбасарлар мен бөлім басшыларына тапсырмалар берді.


Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
24 шілде 2024 ж. 180 0