Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жарыс ұйымдастырылды

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында жарыс ұйымдастырылды

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында аудан мектептерінің оқушылары арасында эстафеталық жарыс ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу рәсіміне аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов қатысты.

Жарысқа қатысушылар ең алдымен Мемлекеттік Гимн орындады. Мұнан кейін жүргізуші жарысқа қатысушы командалар мен жарыстың ережесін таныстырды.

– Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» атты облыстық инклюзивті спорт фестивалі ұйымдастырылуда. Біз осы іс-шараның аудандық іріктеу кезеңіне жиналып тұрмыз. Жарыстың басты мақсаты – ерекше білімге мүдделі балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау. Оқушылардың қоғамнан шет қалмауы үшін білім беру ұйымдарында, мәдениет мекемелерінде нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі фестивальге ауданымыздағы 9 білім беру ұйымдарынан 27 оқушы қатысуда. 9 команда спорттың эстафета сайысынан бақ сынамақ. Бүгінгі аудандық іріктеу кезеңінде жақсы нәтиже көрсеткен 4 команда облыстық фестивальге жолдама алатын болады, – деді Ержан Ертарғынұлы.

Өз кезегінде төреші Дәрмен Жұмабек жетекші партияның қолдауымен өткізіліп жатқан жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қорытындыланатынына сенім білдірді. Сондай-ақ командаларды топқа бөліп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бірнеше сағатқа созылған жарыстың қорытынды марапаттау іс-шарасында облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов пен аудандық мәслихаттың депутаты, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ коммитетінің төрағасы Алмас Есназар сөз сөйлеп, жеңімпаздарды марапаттады. Оқушыларға арнайы алғыс хат пен бағалы сыйлықтар берілді.
19 сәуір 2024 ж. 101 0