Туризм саласын мемлекеттік қолдаудың тетіктері
«Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу және субсидиялау түрінде туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары күшіне енген. Олар:
1.Туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 10% өтеу (ҚР мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы №415 бұйрығы);
2. Санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға бағытталған кәсіпкерлік субъектілері шығындарын ай сайын 83300 теңге көлемінде субсидиялау (Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы №382 бұйрығы);
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу жөніндегі шығындарының 10% өтеу (Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №411 бұйрығы);
4. Жүргізушінің орнын қоспағанда, отыруға арналған сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автокөлік құралдарын сатып алу жөніндегі туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне шығындардың 25% өтеу (Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №412 бұйрығы);
5. Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын 15000 теңге көлемінде субсидиялау (Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №387 бұйрығы);
6.Тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техника сатып алу бойынша кәсіпкерлік субъектілері шығындары құнының 25% өтеу (Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 29 желтоқсандағы №407 бұйрығы);
7.Қазақстан Республикасының аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау (Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №375 бұйрығы). Мемлекеттік қолдаудың осы тармағы бойынша балалар авиабилетінің 100% субсидияланады.
Жоғарыда көрсетілген тізбеден мемлекеттік қолдаудың алғашқы 4 шарасы ЖАО (жергілікті атқарушы органдар) құзыретіне енгізілген, сонымен қатар жергілікті деңгейде қаралып, көрсетіледі.
Кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау, жол бойындағы сервис объектілерін салу, отыруға арналған сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автокөлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша өтінімдер 1 наурызға дейін «Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы» (әрі қарай – Басқарма) коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мекенжайына жолданады.
Кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсаған шығындарының бір бөлігін субсидиялау бойынша өтінімдер 1 желтоқсанға дейін Басқарманың атына жолданады. Барлық өтінімдерді облыс әкімдігінің қаулысымен құрылған облыстық комиссия қарайды. Комиссия шешімдері Басқарманың сайтында жарияланады.
Келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялау және кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техника сатып алу жөніндегі шығындарының бір бөлігін өтеу бөлігінде мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру ҚР туризм және спорт министрлігінің құзыретіне кіреді.
Кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе тасымалы кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының құзыретіне кіреді.
Лаура ТЕМІРХАНҚЫЗЫ,
аудандық дене тәрбиесі,
спорт және туризм бөлімінің
бас маманы
Фото: kazgazeta.kz