Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бюджет және салық саясатының тиімділігі артады

Бюджет және салық саясатының тиімділігі артады

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажеттігін айтты. Кейінгі бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткенін алға тарта келе Президент сала қызметін жандандыру бағытында бірқатар нақты міндет жүктеді.

Осы орайда Түркістан облысы бо­­йынша Мемлекеттік кірістер депар­­таменті бюджет кірістеріне талдау жүргізіп, кірістерді ұлғайтуға мүмкін­діктер барын анықтағанын айта кетелік. Оның ішінде әлеуметтік және жеке кәсіпкерлердің жеке табыс салығы бар. Биылдан бастап шағын және микро санаттағы жеке кәсіпкерлер табыс салық­тарын толығымен төлейтін болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджет түсімдерінің өсу қарқыны – 113%, оның ішінде салықтық түсімдер 132%-ды құраған. Оның 9,6 млрд теңгесі – бір реттік түсімдер. Биыл өзіндік кірістерді 200 млрд теңгеге жет­кізу жоспарланып отыр. Оның ішіне салық­тық түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түсетін түсім кіреді.

Дегенмен салықтық түсімдерді арттыру бағытында жұмысты жетілдіре түсу­ді қажет ететін тұстар да бар. Мы­са­лы, облыстың ауыл шаруашылығы сала­сында тіркелген 80 мыңнан астам шаруа қожалығының 81,3 пайызы салық орган­дарына еккен өнімдерін жеке өзі­нің қажеттілігі үшін пайдаланатынын көр­сеткен. 13 мың шаруа қожалығы ға­на еңбек бағытын табыс көзі ретінде көр­сетіп, салық декларациясын ұсынған. Бы­л­­тыр мемлекет тарапынан 30 млрд тең­ге­ден астам субсидия алған шаруалар­дан түскен салық көлемі 2 млрд теңгеден аспаған. Өңірдегі 90-ға жуық базардан түсетін салық көлемі де мардымсыз.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент салық және бюджет саласына түбегейлі реформа қажеттігін атап көрсетті. «Соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалмақ. Осылайша, ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптасады. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық. Жаңарған салық және бюджет заңнамасы мен жариялаған жаңа экономикалық саясаттың берік тұғырына айналуы керек», деді Президент.

Жалпы, Түркістан облысында бюджет кірістерін ұлғайтуға барлық аудан, қалада резервтер бар. Біріншіден, облыс бойынша 4 529 салық салу нысанының (тойхана, дәмхана, мейрамхана, базар және т.б.) бағалау құнын нарықтық бағаға ретке келтіріп, мүлік салығы мен жұмысшыларының жеке табыс салығының толық өндірілуін қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, бюд­жет­тен қаржыландырылған «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» жоба­лары арқылы және өзге де бағдарла­малар­мен жеңілдетілген несие алған жеке кәсіп­керлер мен субсидия алған ша­руа қожалықтарына талдау жүр­гізіп, салықтарын өндіру керек. Үшін­ші­ден, салық базасын арттыру мақса­тында жаңа инвестициялық жобаларды қамтамасыз ету қажет. Яғни де­пар­тамент қызметкерлері қосымша түсімді қамтамасыз ету және бюджеттен бөлінген қаржылардың тиімділігіне талдау жүргізу мақсатында жаңа іс-шаралар жүргізуге мүдделі.


16 ақпан 2024 ж. 100 0