Жайылымның жайы: Заң жобасы сенатқа жолданды
Жайылым мәселесінің өзектілігі ауылдағы ағайын үшін аса маңызды. Төрт түлігін қай өріске айдарын білмей дал болған көпшілік соңғы жылдары жайылым мәселесі үшін тіпті алаңдаулы. Бұл мәселені Президент Қ.Тоқаев 2021 жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтеріп, бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының кейінгі Жолдауларында да жайылым мәселесін шешу қажеттігі айтылды.
«AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы жайылым мәселесін шешу бағытында нақты жұмыстарды қолға алған болатын. Республикалық комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, Парламент қабырғасында бұл саладағы олқылықтарды қатаң сынға алған еді. Расында да жайылым мәселесінің өте күрделеніп кеткені соншалық, елімізде жайылымға ыңғайлы аумақтардың жекенің қолына өтіп кеткенінің саны мен көлемінің нақты есебі жоқ. Осы ретте біз мәжілісменмен хабарласып, пікірін білдік.
– Ең сорақысы, заңсыз жекеге беріліп кеткен жердің санын біз білмейміз. Жер ресурсын басқару комитеті де, Үкімет те білмейді. Ол мүмкін 10 млн гектар емес, 20, мүмкін 50 млн гектар жер шығар. Қолында билігі бар кей азаматтар заңды белшесінен басып, жайылымға ыңғайлы жерді өзіне, туған-туыстарына заңсыз ала берген, – дейді Б.Базарбек.
Депутаттың жан-жақты зерттелген пікірінің жаны бар. Өйткені қай облысқа, қай ауданға зер салсақ, көпшілік жайылым мәселесінің қиындығын сөз етеді. Ал Қазақстан жайылымдық жер көлемі жағынан әлем бойынша бесінші орында тұр екен. Шамамен елімізде 184 млн гектар жайылымдық жер бар. Соған қарамастан еліміздің 15 облысында мал жаятын 5,5 млн гектар жер жетпейді. Осыған орай 2022 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мақсатында игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары басталған болатын. Әзірге нәтиже жаман емес секілді. «Республика бойынша 10 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды» деген ресми ақпарат бар. Бірақ... Бірақ Б.Базарбек заң қабылданбай мәселе түбегейлі шешілмейтінін, кей облыстардағы мәселе шырқау шегіне жеткенін айтады.
– Маңғыстау облысында 3 млн 600 мың гектар жерді бір адам алып алған. БҚО-да 3 млн гектар жерді 2014-2021 жылдар аралығында заңсыз беріп тастаған. Ішінде 2 облыс әкімі бар, жүздеген аудан әкімдері бар. Кейбір жер иелері шектен шығып кеткені соншалық джиппен келеді де, адамдарды жалдап автоматпен қорқытады. Біз әрқайсысын тексереміз. Жайылымдар туралы заң жобасы әзірленді. Біз жерді игерудің талаптарын күшейтіп отырмыз. Ол бір. Одан бөлек космомониторингті енгіздік. Қазір бұл заң жобасы Сенатта қаралып жатыр. Әріптестеріміз қолдайды деген ойдамыз, – дейді Мәжіліс депутаты.
Осы ретте күні кеше «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері көршілес Түркістан облысының Қазығұрт ауданына барып, жергілікті тұрғындармен жүздескенін айта кетейік. Жүздесуге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов, Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек, Жанарбек Әшімжан арнайы қатысты. Комиссия мүшелері алдымен Қазығұрт, Төлеби, Жетісай және Сарыағаш аудандарының тұрғындарымен еркін форматта әңгімелесті. Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласындағы іргелі өндіріс орны «Сапа-2002» ЖШС-нің өндіріс алаңында өткен кездесуде Мұрат Теміржанов заңсыз бөлінген, мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ортақ қорға қайтаруда мемлекеттік органдардың қызметі қайта қарастырылып, құзыреті күшейтілгенін жеткізді.
– Мәжілісте жайылымдар туралы заң жобасы әзірленіп, Сенат қарауына жолданды. Республикалық «Жер аманаты» комиссиясы тарапынан заң жобасының нормаларына қоғамдық жайылым ұғымын енгізу ұсынылды. Яғни, қоғамдық жайылым деп танылған жерлер бұдан былай аукцион арқылы сатылымға түспейді. Орман қорына жататын кейбір аймақтарға қатысты жайылымды басқару жоспары қабылданады. Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру конкурсының талаптарына бірқатар нақты шектеулер енгізіледі. Мұның бәрі ең алдымен ауыл халқын жайылымдық жермен қамтамасыз етуді көздейді, – деді Бақытжан Базарбек.
Кездесу барысында тұрғындар жер мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Төле би ауданынан келген тұрғындар Қаратөбе ауылдық округінде пайдаланылмай жатқан жекеменшік жерді ортақ игілікке қайтарудың тиімді құқықтық жолдарын қарастыруды өтінді. Ал Жетісай ауданынан келген қария ауданда талай жылдан бері тартысқа түсіп келе жатқан 1 мыңнан астам гектар жерді ауыл тұрғындары арасында теңдей бөліске салу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Бұл ретте, Қазығұрт ауданының тұрғыны «Кезінде пай үлестерін мемлекетке өткізген азаматтар тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін кезексіз алу құқығына ие бола ала ма?» деген сауалмен жүгінді. Ал Сарыағаш ауданынын келген азамат осы ауданда 289 гектар алқапты ғылыми зерттеу институты жалға алып, егін саламын деген тұрғындарға өзі белгілеген баға бойынша жалға беріп отырғанын жеткізді. Субарендамен күнелтіп жатқан ұйымнан жер қорын қайтып алып, дихандарға үлестіріп берудің құқықтық тетіктерін сұрады.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әр мәселе қолданыстағы құқықтық нормаларға қайшы келмеуі керек екенін айтты. Азаматтар уәкілетті органға жолдаған шағымын қосымша республикалық «Жер аманаты» комиссиясына жолдауға құқылы екенін жеткізіп, сот шешімінің күші тек құқықтық тәртіп арқылы жойылатынын ерекше атап өтті. Заңсыз әрекеттің нақты фактісі көрсетілген жағдайда республикалық комиссия өзіне бекітілген құзірет шеңберінде барлық мән-жайды анықтау жұмысын жүргізеді.
Осы ретте былтыр жыл соңында Тереңөзек кентінің бірқатар тұрғыны жайылым мәселесін көтеріп, Сырдария ауданының Қоғамдық кеңесіне жүгінген еді. Кеңес төрағасы М.Еспенбетов жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге тұрғындарды қабылдап, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бірақ мәселе түбегейлі реттелді деп айтуға болмайды. Бұл да басы ашық тақырып. Сол жиында төрт түлік мал иелері жайылым мәселесі күрделене берсе, республикалық «Жер аманаты» комиссиясына жүгінетіндерін айтқан болатын. Дұрысы, Сенат қарауына ұсынылған заң жобасының қолданысқа енгізілуін күту. Заң жобасын жақын күндері Сенат мақұлдаса, Президенттің қол қоюына ұсынылады. Қалғаны уақыттың еншісіндегі іс...
А.ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: Еgemen.kz