Жаңа заң мақұлданды
Өздеріңізге белгілі, AMANAT партиясың сайлауалды бағдарламасында ядролық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жоспарлар кеңінен қамтылған. Бұл бағытта партияның Мәжілістегі, жергілікті мәслихаттардағы фракция мүшелері нақты ұсыныстар енгізіп, депутаттық сауалдар жолдап, қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге өз үлестерін қосуда. Күні кеше Мәжіліс отырысында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы мақұлданды.
Айту керек, заң жобасының қаралуы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абай облысын құру жөніндегі шешімімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл осы өңірдің экономикалық дамуына, экологиясының жақсаруына тың серпін береді. Аталған құжаттың маңызы зор. Заң жобасы полигон аумағын зерттеуге, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және пайдалануға қатысты. Бұл мәселе алғаш рет заңнамалық деңгейде реттелейін деп отыр. Бұл туралы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов әлеуметтік желідегі жеке парақасында кеңірек жазды.
«Жергілікті халық осы жерлерді пайдалану жөнінде көптен бері айтып жүр. Мұнда алдымен кешенді экологиялық зерттеу жүргізіледі. Радиоактивті учаскелер анықталып, онда Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады. Сол жерлерді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс атқарылады. Мақсат – бұрынғы полигон маңында тұратын халықтың радиациялық қауіпсіздігін күшейту. Ал табиғаты ластанбаған, экологиялық ахуалы жақсы жерлер ел игілігіне қызмет етеді. Сөйтіп, жергілікті тұрғындар жайылым жерлерді пайдалана алады. Осылайша қырық жыл ядролық сынақтан зардап шеккен киелі өлке дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда» делінген Мәжіліс Төрағасының жазбасында.
Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі