Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық валюта – егемендіктің белгісі

Ұлттық валюта – егемендіктің белгісі

Әр елдің егемендігін, дербестігін айшық­тайтын арнайы бел­гілер болады. Ту, Елтаңба, Әнұранмен қатар төл теңгеміз де біздің Тәуелсіз ел екендігіміздің айғағы саналады. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1993 жылғы 15 қарашада елімізде айтулы оқиға орын алғанын аңғарамыз. Бұл атаулы күн 29 жылдан бері Ұлттық валюта теңге күні ретінде аталып өтіледі.

Ұлттық валютаны қолданысқа енгізуге байланысты құрылған республикалық мемле­кеттік комиссия ең алдымен оның тұжырым­дамасын әзірледі. Тұжырым­дамада жаңа валютаны енгізу мерзімі, айырбастау пунктеріне тасымалдау тәсілдері, қолма-қол ақшаны айырбастау лимиті мен коэфициенті, валюта бағамы секілді өзекте мәселелер жан-жақты сараланып, нақтыланды.

Тарихи оқиға негізі 1993 жылдың 12 қараша­сымен тұспа-тұс келді. Осы күні Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Прези­денті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Рес­публика­сының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Маңызды құжатта «Рес­публика аумағында 1993 жылдың 15 қараша күні ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілсін, ал 1993 жылдың 18 қарашадан бас­тап теңге заңды төлемге айналады» деп көрсетілді.

Ұлттық валютаға атау беру кезінде үлкен талқылау болған. Бастапқыда «Алтын», «ақ­ша», «тенга» секілді нұсқалары ұсы­ныл­ған екен. «Сом» деп атауға да болатыны, себебі кеңес рублі­нің қазақ тіліне осылай ау­дарылғаны да күн тәртібіне шығарылыпты. Бірақ көршілес Қырғызстан республикасы өз ақша­сын сом деп енгізгеннен кейін, біздің елі­мізде «теңге» атауы қабылданған. Бұл атау тілге жеңіл, көңілге қонымды болғандықтан жұртшылық бірауыздан қолдаған.

Теңгені енгізу туралы Жарлыққа қол қо­й­ыл­ған күннен бастап ақпарат құралдары жаңа валютаның суретін жарыса жариялай бас­тады. Теңгеде еліміздің тарихи тұлғалары бейнелгенін ел-жұрт қуанышты жағдайда қа­был­дады. Мәселен, бір теңгелік қағаз банкнотта – әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгеде – атақты ақын Сүйінбай Аронұлы, бес теңгеде – күйші Құрманғазы, он теңгеде – ғалым Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгеде – ұлы ақын Абай Құнанбайұлы, елу теңгеде – Әбілхайыр хан, жүз теңгеде Абылай хан бейнелері көрініс тапты. Төл теңгеде тарихи тұлғалардың таңдалуының өзі тегін емес. Бұған қатысты Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы болған Ғалым Байназаров «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында:

– Президент «Жаңа ғана тәуелсіздігін алған елміз. Бізді, тіпті өзгелер саяси картадан да таба алмайды. Сондықтан ең бірінші номинал ең танымал – әлем білетін қазақ болуға тиіс», – деді. Сол себепті негізгі валюта – 1 теңгелік банкнотқа Әл-Фараби бабамыз бейнеленсін деген ұйғарым жасалды, – деген.

Алғашқы төл теңгеміз Ұлыбританияның әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шыққан. Тұманды Альбион елінен ұлттық валютаны Қазақстанға жеткізу құпия жолмен жүргізіліпті.

Валютаға қатысты қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң теңге өз елімізде шығарыла бастады. 1995 жылдың мамырында тұңғыш банкнот фабрикасын Тұң­ғыш Президент өзі барып ашты. Содан бері банкнота Ұлттық банктің Алматыдағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі Монета сарайында шығарылып келеді.

2006 жылы теңгеміздің кескіні түбегейлі өзгерді. Ұлттық валютадан тарихи тұлға­лардың бейнесі алынып, банкноттар бірыңғай стильде шықты. Онда заман талабына сай өзгерген әсем Қазақстанның қазіргі келбеті айшықталды. 3 теңгелік номинал жоғалып, 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақша темір теңгеге айналды.

Қазіргі қолымызда жүрген қазақ ақшасы ерекше дизайнымен көз тартады. Тіпті, ерекше үлгідегі ұлттық валюта байқауларда топ жарып, ең үздік банкнот атағын иеленді. Мә­се­лен, халықаралық банкнот қоғамдастығы интернет-дауыс беру арқылы «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын Қазақстан Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Ал келер жылы «Қазақ Елі» сериясынан шыққан 5 000 теңгелік банкнот екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Түркі жазба ескерткішіне арналған 1000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкноты «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағын алды.

Осыдан 29 жыл бұрынғы күнді еске алсақ, қарашаның 15-нен басталған орыстың рублін теңгеге айырбастауға тура 6 күн уақыт берілді. Осы күн аралығында айырбастау пункттеріне асыққан халық қолда бар ақшасын ұлттық валютаға айырбастап үлгеру керек болды. Халық 500 сом ақшасын 1 теңгеге алмастырды. Сол жылы АҚШ валю­тасының долларға шаққандағы құны – 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.

Қазақ елін әлемге танытқан, ел абыройын асқақтатқан төл теңгеміз осы жылдар ішінде өзінің тұрақ­тылығын, өзіндік бағытын арттырды. Ұлттық валютамыз уақыт өткен сайын бірнеше рет қайта жаңғырды. Бұл теңгенің ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы нақты қадам ретінде ай­шықталғанын білдіреді.

Айта кету керек, 15 қараша «Теңгенің ту­ған күні» әрі қаржы саласында қызмет еткен сала ардагерлері мен мамандардың кәсіби төл мерекесі ретінде белгіленді. Халқымыз атау­лы күнді ерекше қуанышпен атап өтеді. Ел егемендігінің белгісі болған төл теңгенің тұғы­ры биік болғай!

Бибісара ЖАНӘЛІ
15 қараша 2022 ж. 576 0