Ел экономикасының тірегі
Кәсіпкерлік саласын дамытуды Мемлекет басшысы үкімет алдына әркез тапсырма етіп қойып келеді. Нәтижесінде ел көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жемісін беріп жатыр. Биылғы Жолдау тақырыбы да тікелей ел экономикасын дамытумен байланысты болды. Онда Президент халық тұрмысын жақсартудың жаңаша бағыттары мен бұрыннан атқарылып келе жатқан жұмыстарды жаңғыртуды тапсырды.
«Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет» деген Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің өз жұмысын тұрақты жалғастыруы үшін мемлекет тарапынан тиімді жағдай жасалуы қажет екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің құқығын қорғаудың маңыздылығына да тоқталып өтті. «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін» деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, ауданымызда кәсіпкерлік саласы жанданып келеді деп айтуға негіз бар. Сала мамандары жас кәсіпкерлерді түрлі бағдарлама аясында өз жұмысын бастауына қолдау көрсетіп келеді. Нәтижесінде дәл қазіргі таңда ауданда 3260 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.
– Ауданда жаңаша кәсіп түрін бастап, дөңгелетіп келе жатқан жандар жетерлік. Халыққа өз кезегінде тиісті ақпараттық қолдау көрсетіп, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек пен бағдарламалар туралы хабарлап отыру – сала мамандарының негізгі жұмысы. Нәтиже жаман емес. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 236 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Микробизнес-Қызылорда», «Бизнестің жол картасы-2025», аграрлық несие корпорациясы мен жастарға арналған несиелендіру бағдарламаларын атап өтуге болады. Жылдағыдай Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік туралы сөз қозғады. «Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс» деуі ел Президентінің елдегі кәсіпкерлердің жағдайынан хабардар екенін анық аңғаруға болады. Осы ретте Қасым Жомарт Кемелұлы ел экономикасын жандандыру жолында кәсіпкерлік саласын дамытудың маңызы зор екеніне және тоқталды. Бұл – нақты тапсырма деуге болады. Сондықтан да біз Жолдауды қолдай отырып, онда көрсетілген салаға қатысты негізгі жұмыстарды жүйелі жүргізуге атсалысамыз, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: kaznovosti.kz