Аппарат мәжілісінде
Кеше аудан әкімдігінде аппарат мәжілісі өтті. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев төрағалық еткен мәжілісте 2 мәселе қаралды.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы болды. Бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Сәдуақасов хабарлама жасады. Бөлім басшысы ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өскенін атап өтті. Десе де ауданда жұмыс жасамай тұрған кәсіпкерлік субъектілерге тиісті шаралар жүргізу қажеттігін айтты.
– Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің үлесін көтеру мақсатында талдау жұмыстары жүргізілді. Талдау нәтижесімен статистика органдарында жұмыс жасамай тұрған 127 кәсіпкерлік субьектісінің тізімі жасалды. Оның ішінде, 35-і уақытша тоқтатқан, 21-і жабылған, 5-еуі қайтыс болған, 16-сының мүлдем мәліметі жоқ және 47-сінің жұмыс жасап тұрғаны анықталды. Осыған орай бірінші кезекте аудан көрсеткіші 95,0 пайыздан төмен С.Сейфуллин ауылынан 5, Іңкәрдария ауылынан 6, Н.Ілиясов ауылынан 6, Шаған ауылынан 17 және Шіркейлі ауылынан 8 кәсіпкерді статистика органдарымен есептесіп, тізімнен алу жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Алмат Сандыбайұлы.
Өз хабарламасында бөлім басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәселен, 2022 жылы ауданда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 3 млрд теңгені құрайтын 500 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында құны 172,9 млн теңгенің 25 жобасы кеңестің оң шешімін алып, қаржыландырылған. Ал «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша құны 54,7 млн теңгенің 13 жобасы қолдау тапқан. Одан бөлек, «Ұлттық жоба» шеңберінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 26 жоба екінші деңгейлі банкттер тарапынан субсидияланса, 23 жоба ішінара кепілдендірілген. Осы бағдарламаның 5 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант конкурсына аудан тұрғындары қатысып, Тереңөзек кентінен 2 жоба жеңімпаз атанған. Олар: «Макарон өнімдерін өндіру» және «Құм блогын өндіру» жобасы. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 300 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастаған.
– Биылға несиелендірілуге ұсынылатын жобалардың тізімі жасақталып, кент және ауылдық округтердің ұсынысы бойынша құны 1162,0 млн теңгені құрайтын 197 жобаның тізімі жасақталды. Осы жобалардың ішінде қаңтар айында «Іскер» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 36 жоба несиелендірілді. Сондай-ақ ағымдағы жылдың ақпан айында «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы «Іскер» бағдарламасына 100 млн теңге және «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасына 150 млн теңге қаражат біздің ауданға қаралуда. Бір ескеретін жайт, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы биылдан бастап мал шаруашылығы, жолаушылар, жүк тасымалдау және айналым қаражатын толықтыру бағытындағы жобаларды несиелендірмейді. Осыған орай өзге бағыттағы жобаларды ұсыну қажет. Құжат қабылдау мерзімі 31 қаңтарда аяқталатындықтан жоба ұсыну жұмыстарын жеделдету керек. Осы мүмкіндікті кент және ауылдық округ әкімдері тиімді пайдалануы қажет. Қазіргі таңда кент және ауылдық округтерден бағдарлама талаптарына сәйкес келетін 25 жобаның тізімі жасақталды, – деді бөлім басшысы.
Аудан әкімінің орынбасары кәсіпкерлік саласын дамыту негізгі басымдық екенін атап, елді мекендерде кәсібін бастайтын тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету керектігін жеткізді және тиісті тапсырмаларды берді.
Мұнан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе Тереңөзек кенті әкімінің 2022 жылы атқарған жұмыстары және алдағы міндеттері қаралды. Бұл бойынша Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бахтияров баяндады. Кент әкімі өткен жылы аудан орталығын дамытып, көркейту тұрғысында жүйелі жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. Алдымен, кәсіпкерлік, кент тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін саралап, одан соң келіп түскен өтініштерге тоқталды.
– Өткен жылы барлығы 76 өтініш келіп түсті. Өтініштердің 19-ы жер қатынастары саласына қатысты болып, оның 4-і қанағаттандырылса, 15-не түсіндірме берілді. Өтініштердің басым көпшілігі коммуналдық шаруашылық саласына қатысты. Оның ішінде, А.Тоқмағамбетов, Н.Бердіқұлов көшенін жарықтандыру, А.Тоқмағамбетов, Б.Момышұлы, Жамбыл, Н.Бердіқұлов көшесіне аяқ су тарту және көпір жөндеу туралы өтініштер қанағаттандырылды. Сондай ақ 31 отбасыға ағаш отын мен 20 отбасына қатты отын демеушілікпен берілді, – деді Екент әкімі Ержан Бахтиярұлы.
Жалпы, былтыр Тереңөзек кентінде А.Алиакбаров көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер ауласы абаттандырылған. «Қызылорда-Жалағаш» автожолының Тереңөзек кентіне кіреберіс қиылысына бағдаршам орнатылып, жол-көлік қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстары атқарылған. Және де 1,5 шақырым болатын И.Тоқтыбаев тұйығы мен А.Иманов көшесінің бірқатар орамдарына тас төселген. Орталық стадионға стритболл, И.Тоқтыбаев көшесі бойына балалар ойын алаңы салынған. Демеушілік есебінен Б.Момышұлы, А.Алиакбаров және орталық паркке типтік жобадағы спорт алаңдары мен спорт тренажерлары орнатылған. Сонымен қатар шаруашылықтардың демеушілігімен 7 көпқабатты тұрғын үй жөнделген. И.Тоқтыбаев көшесін орташа жөндеу, оның ішінде тротуар мен темір бетонды лоток орнату жұмыстары атқарылуда. Аталған жұмыстар биылға өтпелі. Одан бөлек, көміліп қалған 5,2 шақырым аяқ су жолдары қазылып, екі жерге қосымша насос орнатылған.
Кент әкімі санитарлық тазалықты сақтау тұрақты бақылауда екенін айтып, оны сақтамағандарға тиісті шаралар қолданылғанын жеткізді. Мұнан соң Е.Бахтияров биыл атқарылатын жұмыстарды тізбектеді.
– Тұрғындардың көптен көтеріп жүрген О.Мәлібаев көшесі бойынан спорт және балалар ойын алаңын салу жұмыстарына «Тағзым алаңы» жанындағы бақ орнын абаттандырып, демалыс орны етіп, ЖСҚ әзірленді. Жобада футбол алаңы, балалар ойын қондырғылары мен спорттық тренажерлар қарастырылған. Жоба демеушілік есебінен әзірленді. Тағы бір көтеріліп жүрген мәселе – бұрынғы О.Мәлібаев ауылының кітапхана ғимараты болған. Осы орайда, аудан әкімінің ұсынысын «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС қолдап, кітапхана құрылысына 4,5 млн теңге демеушілік жасады. Қалған қаржы көлемін «Қызылдихан» ШҚ қосып, құрылысын жүргізеді. Қазіргі уақытта іргетасының бетондары шаруа қожалығының базасына жеткізілді. Жұмыстар көктем айларында жүргізілетін болады. Сондай-ақ «Әйтек» каналындағы су деңгейінің тұрақты болмауынан «Айтбай арық» каналына аяқ су деңгейі толыққанды бармай, тұрғындар тарапынан мәселе көтеріліп, уақытша дизелді насос орнатылған болатын. Осы орайда, облыстық басқарма тарапынан кентке арнайы «СНП 500/10» дизельді насос жіберілді. Яғни, осы жылы «Айтбай арық» каналынан бақшалық егінмен айналысатын тұрғындардың мәселесі түбегейлі шешілетін болады. Оған қоса, №36 мектеп-лицей жанындағы жаңа қоныстану аймағы тұрғындарының өтініштеріне сәйкес, сол аумаққа аяқ су беру жұмыстары көктем айларында атқарылатын болады. Ол үшін 7,5 шақырым аяқ су жолы қазылып, 1 дана электрлі насос Н.Ергешбаев көшесінің аяқ жағына орнатылады, – деді кент әкімі.
Биылға Тереңөзек кенті бойынша 24 көшені орташа жөндеу жобасы ұсынылған. Соның ішінде Қ.Бөдеев, О.Мәлібаев, Д.Қонаев, Ә.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев, А.Алиакбаров, Б.Момышұлы көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына 350 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев тиісті тапсырмаларды берді. Әсіресе, тұрғындар өтінішін орындау тұрақты бақылауда болып, аудан орталығын көркейту үшін жоспарлы жұмыстарды атқаруды атап өтті.
Е.БЕРКІНБАЕВ