Өмірлік маңызы бар мәселені қозғағанда...
Су, жарық, жылу – тіршілік көзі. Бұл үшеуінсіз адамдар өмір сүре алмайды. Кейде бірнеше сағаттап жарық немесе су болмай қалса, тұрғындар сабырсыздық танытады. Ал кейде үздіксіз берілетін маңызды қажеттіліктің қадірін білмей, ысырапқа жол береміз.
Тіршілік нәрі бізде арзан
Біздің ғаламшардың 70 пайызын су басып жатыр. Десек те осы алапат судың бір ғана пайызы ішуге жарамды. Сондықтан ауыз су мәселесі талай жылдан бері әлемнің назарында. Судың жетіспеушілігіне байланысты оны үнемдеу бәрінен де маңызды.
Бірде таныс әпкем Ақтауда қонақта болып, ондағы тұрғындардың ауыз суды қалай үнемдейтінін көріп, таңданысын да жасырмады. Әрбір тұрғын үйде қосақтап қойылатын судың шүмегінің бірінен ішетін су ақса, екіншісінен тұрмыстың қажеттігіне пайдаланатын су жүреді екен. Бұл бұлжымас қағида ұтымды қалыптасқан. «Біз болсақ таза судың қадірін білмей жүрміз. Күндіз-түні шүмектен ағатын ауыз суды оңды-солды пайдаланып жүрміз. Ал Ақтауда ауыз суды үнемдейді. Шын мәнінде, таза суды үнемдеуді біздер үйренуіміз керек. Қарапайым мысал, қазір көлік жуатын орындар көптеп ашылуда. Бір көлікті жуу үшін кететін судың мөлшерін қатты қысыммен атқылап жатқан суды көріп шошынасың. Не деген ысырапшылдық, сол судың сұрауы болады ғой» деген қынжылысын да жасырмады.
Иә, «Судың да сұрауы бар» деген нақыл сөз бар. Осыдан оншақты жыл бұрын мезгілмен ғана 2 сағатқа берілетін ауыз судың кезегінде тұрған кездеріміз осы күні ұмыт бола бастады. Сырдариялықтар облыста 24 сағат таза ауыз су тұтынатын өңірлер қатарына кірді. Ең алдымен, ауданда Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғындары тәулік бойы берілетін таза ауыз суға қол жеткізді. Әрбір тұрғын үйге дейін кіргізілген су құбырларынан үздіксіз сапалы су беріліп, ауыл тұрғындары үйлеріне кәріз жүйесін кіргізе бастады. Көп ұзамай аудан орталығында да су құбырлары ауыстырылып, күрделі жөндеуден өтіп, кент тұрғындары да сағаттап берілетін судың кезегіне тұрудан құтылды. Бұл – аймақ тұрғындарының сол жылдардағы кейбір аудандарында ауыз судың жоқтығынан қыстың күні қар ерітіп тұтынып отырған ауылдарға қарағанда сырдариялықтардың жеткен жетістігі болатын.
Осы ретте, ауыз су үшін төленетін ақы туралы аз-кем айтқанды жөн көріп отырмыз. Яғни, күнделікті тұтынатын тұщы суға арнайы құрылғының көрсеткіші арқылы ай сайын төлем жүргізіледі. Бекітілген тариф бойынша бір текше метрге 377,5 теңгеден ақы төленсе, тұрғындар осы соманың 30 теңгесін ғана төлейді. Нақтырақ айтқанда 1 адам бір айда 4,3 текше метр ауыз суға 30 теңгеден төлейді, егер тиісті пайдалану көлемінен асып кетсе артық пайдаланғаны үшін төлем 377,5 теңгеден есептеледі.
Жалпы, жоғарыда айтып өткеніміздей сусыз адам өмір сүре алмайды. Адам ағзасындағы судың көлемі небәрі 2 пайызға кемігеннің өзінде қатты шөл басады. Ал кемі 10 пайызын жоғалтса адам сандырақтап, әлсірейді. Адамды 20 пайыздық судың жеткіліксіздігі өлімге дейін әкеледі екен.
Негізінен, дәрігерлер көп ретте судың пайдасы туралы жиі айтады. Оны жеткілікті мөлшерде ішу арқылы түрлі аурудан құтылуға болады. Мәселен, артық салмақтан арылу, жүрек жұмысын жақсартуға судың көмегі зор. Күніне 1,5-2 литр су ішетін адамдарда жүрек талмасына деген қауіп едәуір азаяды. Ғалымдардың зерттеуінше, адам сусыз 5-6 күн ғана өмір сүре алады. Орта есеппен адам өмірінің соңына дейін 35 тонна су ішеді.
Су туралы тағы бір қызықты дерек – судың құны туралы. Дүниежүзінде ең қымбат суды шетелдіктер тұтынады. Арнайы бөтелкелерге құйылған бағалы судың 1 литрі 90 долларға дейін жетеді, теңгемен есептегенде 40 мың теңге. Ал Әзірбайжандағы көлдердің бірінде жанатын су ағады. Қауіпті саналатын судың құрамында метан газы болғандықтан оның жану қабілеті бар екендігі дәлелденген.
Газ ауылдарға да жетеді
Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан әкімдерінің есепті жиындарында аудан тұрғындары үнемі газ мәселесін қозғап, қашан халық көгілдір отынға қол жеткізеді деп сауал қоятын. Бұл мәселе де көп ұзамай шешімін тауып кент тұрғындары тұрғын үйлерін табиғи газбен жылытуға мүмкіндік алды. Бұрын соңды ертегі болып көрінетін газдандыруға ендігі кезекте елді мекендер де қол жеткізбекші. Тұрмысқа ыңғайлы әрі бағасы қолжетімді газдың игілігін кент тұрғындары биыл үшінші жыл көріп отыр.
– Қазір отын жағып, көмір алу машақатынан құтылғанымызға қуаныштымыз. Кент тұрғындары көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Бірқалыпты температурада, үй-жайымыз тәулік бойы жылып тұрады. Бұрын қыстыгүні үйден алысқа шығып кете алмайтынбыз, үй суып кетеді деп. Қазір ондай қорқыныш жоқ. Дегенмен кентте жағдайы келмейтін отбасылар бар. Олар қаражаттың болмауынан газға қосыла алмай отыр. Көмірдің бағасы қымбат, оның үстіне ағаш отын да керек. Сондықтан тым болмаса әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға газ кіргізуге көмек болса, – дейді кент тұрғыны М.Омарова.
Осы күні кентте 1780 тұрғын үй мен 243 пәтер газға қосылған. Сонымен қатар 35 әлеуметтік және 57 кәсіпкерлік нысан газ пайдаланып отыр. 2021 жылы көгілдір отын пайдаланған тұрғындар әрбір текше метрге 18,99 теңге төлесе, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап 19,92 теңгеден төлем жасауда.
Жарық тарифі туралы бірер сөз
Ал жарық мәселесі бойынша бұрын хабарлағанымыздай, аймақта электр энергиясына байланысты көптеген мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетін болады. Ескірген бағаналар мен трансформаторлардың есебі алынып, қажетті қаражаттың бөлінуіне орай ауыстырылады. Ал қазіргі кезде ауа райының қолайсыздығына байланысты жарықтың болмай қалуы сол электр желіні таратушы құрылғылардың тозуынан екендігі белгілі. Дегенмен тариф мәселесіне келсек, «Шиелі Жарығы» ЖШС өз тұтынушыларына 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап электр энергиясының бөлшек сауда нарығында жабдықтау тарифтерінің өзгергендігі туралы хабарлаған болатын. Онда орташа босату тарифі 1 кВт сағатына – қосымша құн салығынсыз – 19,19 теңге, қосымша құн салығымен – 21,4928 теңге екені айтылған. Жеке тұлғалар үшін орташа босату тарифі – 19,2864 теңге қосымша құн салығымен, заңды тұлғалар үшін орташа босату тарифі – 23,9232 теңге. Мұнан басқа бірнеше деңгей бойынша және жалғыз тұратын зейнеткерлер, мүгедектер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғаларға есептелетін төлем бар. Яғни, 1-деңгей бойынша 1 адамға бір айға 70 кВт дейін 18,86 теңге төлесе, 2-деңгеймен 80 кВт 23,14 теңге, ал 3-деңгей бойынша 28,93 теңгеден төлейді. Бұл жеке тұлғалардың электр энергиясын тұтыну көлеміне сай қосымша құн салығымен есептегенде ай сайын төлейтін төлем.
P.S. Осындай тарифке қарап өмірлік маңызы бар су, жарық, газдың бағасы онша-мұнша қымбат еместей көрінеді. Десе де бізде басқа өңірлерген қарағанда коммуналдық төлемдер арзан екенін аңғаруға болады. Сондықтан төлемдерді уақытылы төлеу арқылы су, жарық, газды үздіксіз қолдануға болады.
Бибісара ЖАНӘЛІ