Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі адал Света

Еңбегі адал Света

Су үшін төленетін төлем­ақы адал және ол уақытылы жиналу керек. Бұл – оқ­шау сумен жаб­дық­тау жүйе­лерін пайдалану­шы өндірістік бө­лім­­шесінің кас­сир-бақы­лау­шы­сы Света Бахтияр­қызы­­ның жұмыстағы басты қағидасы.

Ауданды тәулік бойы сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме өкілі тұрғындардан тұтынған судың ақысын жинап, сол арқылы суды үнемді пайдалануды әркез ескертіп жүреді. Света Бахтиярқызының бұл салада еңбек етіп жүргеніне 15 жылға жуықтады. Әуелде «СТК» кооперативінде жүріп тұрғындардан су ақысын талап етсе, 2012 жылы «Өркен-Сырдария» деп аталған қазіргі мекемеде тынымсыз еңбек етіп келеді.

Шыны керек, осыдан он шақты жыл бұ­рын тұрғындар таза ауыз суды уақытпен ға­на тұтынатын еді. Оған қоса, ауыз су қазіргі­дей үйді-үйге кіргізілмеген. Сол кезеңнен бастап осы ауыз су саласында үздіксіз еңбек етіп жүрген маман бүгінде аудан халқына ауыз су 24 сағат бойы берілетінін тілге тиек етті.

– Халық қиын кезеңдерді бастан өткерді. Суды 2-3 шақырымнан тасып ішетін кездер болды. Қазір шүкіршілік етеміз, тәулік бойына су ағып тұр. Десе де халық күні бойы су бар деп, оны ретсіз қолдана беруге болмайды. Табиғатқа зиянымызды тигізбей, таза ауыз суды үнемді пайдалануымыз керек. Қазір біз беймарал тұтынғанымен кейінгі буын ауыз судың зардабын тартпауы тиіс, – дейді кассир-бақылаушы.

Судың маманы Тереңөзек кентіндегі бірнеше көше мен Оспан Мәлібаев елді мекен тұрғындарынан судың ақысын жинайды. Тәжірибесі мол маман бұл жұмыстың қиындығы көп екенін айтады.

– Халықпен жұмыс істеу оңай емес. Олай дейтінім, қазіргі таңда 1 текше метр судың ақшасы 30 теңге болса, әрбір үйге есептегіш орнатылған. Соған орай тұрғындар тұтынған суға ақша төлейді. Осы тұста қиындық туындайды. Көп қаржы болмаса да көпшілігі «Кейін төлеймін» деп созбалаңға салады. Десе де үй-үйді аралап жүріп, ай сайынғы жоспарды толығымен орындаймын. Кейде аяғым ауырып, қиналатыным рас. Бірақ жұмысым өзіме ұнайды. Болат Дүзімбетов басқаратын мекемеміздің ауызбіршілігі мық­ты, бір-бірімізге құрметпен қараймыз, – дейді Света Бахтиярқызы.

«Су – ырыстың көзі» демекші, адам тір­шілік нәрінсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан сұрауы бар суды үнемді қолданып, бұл сала­да еңбек етіп жүрген мамандарға әркез құрмет көрсетуіміз қажет. Біз де өз ілтипатымызды білдіріп, мереке қарсаңында нәзікжанды су маманын мерекемен құттықтадық.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ 
06 наурыз 2021 ж. 477 0