Судың да сұрауы бар
Тіршілік нәрі болған сусыз өмір сүру мүмкін емес. Денсаулығы жақсы адам денесінің 75 пайызы судан тұрады десек, күнделікті тұтынатын тұщы су көлемі әжептәуір екені анық. Енді жер бетіндегі миллиардтаған халықтың таза ауыз суды үздіксіз қолдануынан, кейде үнем жасамауынан болашақта адамзат баласы ауыз су тапшылығымен бетпе-бет келуі әсте мүмкін. Тіпті қазірдің өзінде су тапшылығын тартып отырған елдер бар. Сондықтан «бар екен» деп бей-берекет шаша бермей, суды үнемдеу керек-ақ. Бүгінгі тақырыбымыздың өзегі осы болмақ.
1,7 млд адам ауыз суға зәру
Біз ғой, тәулік бойына таза ауыз суды тұтынып, сәл ақпай қалса, байбалам сала бастаймыз. Ал жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырса, 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінуде екен. Осы себепті де БҰҰ 2025 жылдан кейін жер бетінде ауыз су тапшылығы басты мәселеге айналатынын мәлімдеген.
Ауыз суға зәру мемлекеттерде аурушаңдық көп кездеседі екен. Мәселен, кей елдердегі судың жетіспеушілігі және сапасының төмендігі адам денсаулығына айтарлықтай әсер етуде. Мұның салдары балалар арасындағы өлімнің көбеюіне себеп болуда. Су санитарлық талаптарға сай таза болмаған соң түрлі жұқпалы ішек аурулары таралып, соның салдарынан жыл сайын 5 жасқа толмаған 300 мыңға жуық бүлдіршіннің өмірі тоқтайды екен. Расында, бұл – жантүршігерлік статистика.
Негізінен, жерасты су қорының толығуы әртүрлі мезгілдегі жауын-шашын қорымен, тұщы су көзі бар үлкен өзендердің әсерінен болады. Бұл ретте, өңірімізде үлкен өзен – Сырдария бар. Біздің аймақ осы өзеннің теменгі ағысында орналасқан. Мұның бастауы көршілес мемлекеттерден басталады. Бүгінде демографиялық өсімге байланысты су қорын тұтынушылар қатары көп және соның әсерінен жылдан-жылға су көлемі де азайып, қазірдің өзінде тапшылықты сезіп отырмыз. Суы сарқылмайтындай көрінген Сырдария өзенінің аңқасы кеуіп, өзенді тобықтан кешетіндей жағдайға да жеттік. Бұл өңірде жауын-шашынның түсуі де жиі емес. Осының барлығы жер асты су қорының тапшылығын тудыратыны анық. Оның үстіне, жер асты қойнауын қазу салдарының да жерасты су қорының ластануына әкеліп соғуда. Міне, осыларды ескерсек, жақын болашақта жер асты су қорының да тапшылығын сезінуіміз бек мүмкін. Сондықтан ауыз суды үнемді қолдануды әрбір саналы адам ойлағаны дұрыс.
Сала ғалымдары тіршілік нәрін қажеттілікке байланысты орынды қолданғанда тұщы су қорын 40 пайызға үнемдеуге болатынын айтады. Дегенмен, қазір тоқтаусыз ағып тұрған суды көрген жұртшылық келешектің қамын ойлауды ұмытқандай. Аяқ су тапшылығын көріп, оның қиыншылығын көрсе де, ауыз суды үнемсіз пайдалануды әдетке айналдырған. Әркез су мамандарының шырылдайтыны да осыдан.
Үнемдеудің шарты – мақсатты пайдалану
Жоғарыда айтқандай, аудан халқы тәулік бойына сапалы ауыз суды тұтынып отыр. Еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың игілігінен Сырдария – өңірдегі толық ауыз сумен қамтылған бірден-бір аудан. Ауыз толтырып айтатындай-ақ жұмыс. Осы жұмыстарды аудандағы «Нұра топтық су құбыры» Сырдария өндірістік бөлімшесі үйлестіріп отыр. Сала мамандары халықты таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, оның ақысын жинауды, авариялық жағдайларды, кәріз жүйесін және осы салаға қатысты тиісті қызметтерді көрсетіп келеді. Осы тұста, судың ақысына қатысты, оның көлемінің көбейіп кеткеніне байланысты көпшіліктің наразы пікірі бар. Осының мән-жайын біз аудандық өндірістік бөлімшенің абонент бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сейтасановтан сұрадық.
– Біз тұрғындардың сапалы ауыз суды тұтынуын қамтамасыз етіп келеміз. Халыққа суды үнемді пайдалануды да құлағдар етудеміз. Ауыз суды үнемдеудің негізгі шарты – мақсатты пайдалану. Көбіне аудан тұрғындары жаз мезгілінде есік алдындағы бақшалық жерлерді ауыз сумен суарып жатады. Тұрмыстық қолданыстан бөлек басқа да мақсаттарға пайдаланады. Сондықтан белгіленген мөлшерден артық қолданып жатады. Ал артық қолданғаннан соң оның ақысын да төлеу керек, – дейді су саласының қызметкері.
Сала маманынан 1 адамға белгіленген су мөлшерін, тарифтік бағаны да сұрап алдық. Атап айтқанда, 1 адамға айына орташа есеппен 4,3 текше метр су белгіленген. Яғни, осы көлемді 1 айда тұтынса, тұрғын тарифтік бағамен 30 теңге төлейді. Мысалы, бір отбасында 5 адам тұратын болса, онда 4,3 текше метр су көлемі 5-ке көбейтіліп, жанұя айына 21,5 текше метр суды тұтынады екен. Оған 645 теңге төлейді. Ал енді 5 адам тұратын отбасы бір айда 30 текше метр суды тұтынса, бекітілген 21,5 текше метр су көлеміне 30 теңгеден, ал артық қолданған 8,5 текше метр суға 377,5 теңгеден 3208 теңге, жалпы қолданған 30 текше метр суға 3853 теңге төлейді. Демек, бекітілген көлемнен артық пайдаланылған судың текше метріне 377,5 теңгеден ақы төленеді. Міне, жаз мезгілінде ауыз суды молынан тұтынып, бақшалық жерді суарғаннан су көлемі бекітілген мөлшенден едәуір асып кетеді. Тиісінше, оның ақысы да қалтаға «ауырлық» түсіреді. Сондықтан да сала мамандары әркез ауыз суды үнемді пайдалану керектігін ескертіп-ақ жатыр.
Құбырда су қатпасын
«Нұра топтық су құбыры» Сырдария өндірістік бөлімшесі биылғы 9 айда тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Тоғыз айлықтың қорытындысымен аудан бойынша 816 755 текше метр су көлемі өндіріліп, тұтынушыларға 697 508 текше метр ауыз су таратылған. Бекітілген су шығынын алып тастағанда нормативтен тыс су шығыны 2 пайызды құраған.
– Аудан бойынша сапалы ауыз су тұтынушылар саны 7407 абонентті құрайды. Оның ішінде, 6637 абонентке су есептегіш құрал орнатылған. Ал жыл басынан бері 121 абонент қосылса, 316 абонентке су есептегіш құрал орнатылды және 633 абоненттің су есептегіш құралы ауыстырылды. Биылғы 9 айға бекітілген жоспар бойынша жиналу керек қаражат артығымен орындалып отыр. Ал бюджеттік мекемелердің ауыз суға қарызы 2 млн теңгеден асады, – дейді «Нұра топтық су құбыры» Сырдария аудандық бөлімшесінің бастығы Ерсұлтан Дүзімбетов.
Бүгіннің өзінде күн салқындады. Алда қытымыр қыс мезгілі келе жатыр. Осыған байланысты сала мамандары тұрғындарға құбырларда судың қатып қалмауын айтып, тиісті шараларды жасау керектігін ескертуде. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі су құбырларын тиісті жабындымен жауып, судың қатып қалмауын бақылауда ұстау керек. Сондай-ақ, есік алдындағы су құбырларын да назардан тыс қалдырмаған абзал. Себебі, су қатып қалса, алдымен тұтынушы ауыз сусыз қалады, содан кейін оның өзгелерге де кері әсері тимек. Сондықтан ондай олқылықтардың орын алмауы үшін осы бастан қамдануды су саласының қызметкерлері ескертеді.
Дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаса керек-ті. Бар болған соң, сарқылмастай, таусылмастай көреміз. Ал ауыз суды үнемдемей, мақсатсыз қолдана берсек, түбінде түйткілді мәселеге айналдырып аламыз. Мұны сарапшылар да, су саласындағы ғалымдар да ескертуде. Сондықтан ауыз су тапшылығын болдырмау үшін әрбір адам судың қадірін түсінгені абзал.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ