Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарықтың бағасы тағы өсе ме?

Жарықтың бағасы тағы өсе ме?

Қазіргі әлемдегі ахуал барлық жағдайға тікелей әсе­рін тигізуде. Әсіресе, саяси жағдайлардың салдары тұ­тыну заттары мен азық-түлік бағаларының тоқтаусыз қымбаттауына әкеліп отыр. Мұның коммуналдық тарифтерге де айтарлықтай ықпалы бар. Оған энергия өндіруші станциялардың электр энергиясының бағасын қымбаттатуы да себеп болып отыр. Осыған байланысты аудан орталығында жария тыңдау өтіп, электр энергия­­сымен жабдықтау қызметі бағасын алдағы уақытта көтеру мәселесі талқыланды.

Жария тыңдауға аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орын­басары Д.Байдушев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополия­­ларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бас­шы­­­­сының міндетін атқарушы К.Кен­шем­баева, «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің директоры Қ.Қасымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспембетов және сала мамандары мен тұрғындар қатысты.

Жиында сала мамандары жарық ба­ғасының өзгеруінің негізгі себептеріне тоқталды. Алдымен сөз алған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызыл­орда облысы бойынша департаменті бас­шы­сының міндетін атқарушы К.Кен­шем­баева қоғамдық маңызы бар на­рықтарда баға белгілеу қағидалары та­лаптарының сақталу керектігін атады. Оның ішінде, осы талаптарға сәй­кес алдағы уақытта реттелетін қызмет бағаларының көтерілетіні туралы ақ­паратты қарау кезінде жария тыңдау міндетті түрде өткізілу керектігін айтты. Осыған орай сырдария­лық­­тармен жария тыңдау өткізіліп, онда тұрғындарға баға­ны өсірудің себеп­­тері түсіндірілетінін жә­не тұрғын­дар­дың­ ұсыныс-пікірлері тың­­далатынын жеткізді.

Ал «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің директоры Қ.Қасымов электр энергиясы тарифтерінің өзгеруінің негізгі себебіне тоқталды.

– «Шиелі Жарығы» ЖШС аймақта энергиямен жабдықтаушы ұйым болып саналады. Қазіргі уақытта өңірдің Шие­лі, Жаңақорған, Сырдария, Жа­ла­ғаш, Қармақшы аудандарының тұты­нушыларын электр энергиясымен қам­­тамасыз етіп келеді. Оның ішінде, Сыр­дария ауданында 10 елді мекен се­­рік­тестіктен жарық алады. Ауданда электр энергиясын тұтынушылар са­ны жыл сайын өсуде. Мәселен, өткен жылы электр энергиясын пайдаланатындар саны 6646 жеке тұтынушыға жетті. Олар бір жылдың көлемінде 25,8 млн кВт электр энергиясын тұ­тынды. Енді «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің тұтынушыларды электр энергия­­сымен жабдықтау қызметі бо­йынша тұтынушыларға бөлшек сауда нары­ғын­да сатылу тарифінің өзгеруінің негізгі себебіне тоқталып өтейін. Оның басты себебі ҚР Энергетика министрінің №226 бұйрығына сәйкес, биыл 1 шілдеден бас­тап энергия өндіруші станциялардағы электр энергиясы құнының 0,1 пайыздан 6,6 пайызға дейін, электр энергия­­сын тасымалдау тарифінің «КЕГОК» АҚ-ның 1,8 пайызға және «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның 18,6 пайызға, жабдықтаушы үстеме ақы мөлшерінің 1 кВТ сағатқа 0,63 теңгеден 1,04 теңгеге артуында, – деді серіктестік директоры.

Жарықты өндіруші станциялар ба­ға­ны өсіргеннен кейін серіктестіктің шы­ғын­дары да көбейген. Осыған байланыс­­ты «Шиелі Жарығы» ЖШС электрмен жаб­­­дықтау қызметінің жобалық орташа босату бағасы қолданыстағы ҚҚС-сыз 1 кВТ сағатқа 18,43 теңгенің орнына ҚҚС-сыз 1 кВТ сағатқа 19,50 теңгеге немесе 5,8 пайызға өсіруді ұсынып отыр. Бұған қатысты ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде ба­ға­ның өзгеруін негіздеуге ұсынылған құ­жаттарға сараптама жүргізілуде.

Мұнан соң жария тыңдауға қаты­сушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов жарықты қымбаттатудың салдары халықтың қалтасына тиетінін тілге тиек етті.

– Қазір халықтың әлеуметтік жағ­дайына қарау керек. Бағаны тұ­рақты ұстап тұру үшін жан-жақты жұ­мыстар атқарылуда. Жәрмеңкелер ұйым­дас­тырылып, қажетті азық-түлік бағасы нарық бағасынан арзан сатылуда. Осы тұста, электр энергиясы бағасының тари­фін жеке тұтынушыларға қатысты қым­­баттатпай, тоқтата тұрған жөн. Тиі­сінше, бюджеттік мекемелер Сіздер ұсынған бағаны төлей алатыны белгілі. Ал қарапайым халыққа бұл қиындық туғызады. Осы ұсыныс ескерілсе, – деді Ержан Ертарғынұлы.

Одан бөлек, аудандық мәслихат хатшысы жария тыңдауда айтылған мә­селені елді мекен тұрғындарына арнайы барып түсіндіру керектігін де жеткізді. Өйтені, ауылдарды халық қа­лаулылары аралаған кезде осы мәселелер төңірегінде тұрғындар тарапынан түсінбеушілік туындап жатады. Оны сала мамандарынан құралған жұмысшы топ арнайы түсіндіруі тиіс.

Сөз кезегінде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспембетов электр энергиясының сапасы сын көтермейтінін айтты. Яғни, жел тұрса, жаңбыр жауса, жарық кернеуінде ақаулар пайда болып, салдарынан сөніп қалып жатады. Оның үйдегі тұрмыстық техникалардың зақымдануына әкеліп соғады. Тіпті, электр энергиясының кернеуі 220 кВт емес, 170-180 кВт-қа дейін түсіп кететінін, жарық бағаналары мен транс­форматорлардың ескіргенін атап көрсетті. Осындай мәселелер де тиісті шешімін табу керектігін алға тартты.

Жария тыңдауда көпшіліктің ұсы­ныс-пікірі тыңдалды. Мамандар жарық бағасын өсіру жоба ретінде ұсы­ныл­ғанын жеткізді. Енді араға 10 күн салынып, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу коми­тетінің Қызылорда облы­сы бойынша департаменті тарапынан соңғы ше­шім қабылданады. Бұл жоба мақұлданып, қабылданса, келер айдан бастап, электр энергиясының бағасы 5,8 пайызға өсетін болады.

Е.БЕРКІНБАЕВ
15 қазан 2022 ж. 391 0