Азық-түліктің арзанын іздесеңіз

Азық-түлікті 5-10 теңге емес, нарық бағасынан 50-100 теңгелеп арзандатып сатуға кәсіпкерлердің бара бермейтіні анық. Бірақ халыққа қызмет етуде әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін аудан орталығындағы «Жазира» дүкенінің иесі Галина Сәрсенбаева осындай игілікке бастамашылық етті. Атап айтқанда, ең қажетті саналатын 9 түрлі азық-түлікті арзандатып сатуда.
– Кәсібімізді дамыту және халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жан-жақты жұмыс жасаудамыз. Осы мақсатта сауда дүкенін кеңейтуді жүзеге асырып жатырмыз. Қазір базар бағамы айтарлықтай қымбаттағаны жасырын емес. Осы ретте, біз тұрғындарға, оның ішінде тұрмысы төмен отбасыларға қолайлы болсын деген ниетпен қажетті деген азық-түлік бағасын уақытша арзандатып сатудамыз, – дейді Г.Сәрсенбаева.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл бастама осы жылдың 7 маусымынан басталып, апта соңына дейін жалғасын таппақ. Мүмкіндік болып жатса, әрі қарай жалғастыруға ниетті.

– Біз кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіреміз. Себебі қазіргі таңда баға тұрақтылығын сақтауға басты басымдық берілген. Осы бағытта жұмыс жасап, осы бағаның сақталуына қолдау көрсететін боламыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков.
Расында, алдағы уақытта мұндай игі іс жалғасын тауып жатса, халыққа үлкен көмек болмақ. Тиісінше, басқа сауда дүкендеріндегі баға да арзандай түсетіні айқын.
Е.ЖАППАРБЕК