Баға бағамы: Өзгеріс бар ма?
Соңғы жылдары теңгенің нарықтағы бағасының өзгеріске ұшырауы халық тұтынатын тауарлар бағамына тікелей әсерін тигізді. Оның салдары азық-түлік бағасының күрт өсуіне себепші болды. Базар бағамында тұрақтылықтың болмауы халықты титықтатып, оның қандай жағдайға душар еткенін өздеріңіз білесіздер! Елдегі жағдайдан кейінгі базар бағамында өзгеріс бар ма?
Біздегі «әдет» айлық есептік көрсеткіште өзгеріс, зейнетақы немесе айлық табыс көтеріле қалса, базар бағамы да шарықтай түседі. Содан мұқым ел табысына 2-3 мың теңгенің қосылғанынан еселеген шығынға ұшырайтынына наразы болады. Жыл басындағы жағдайдан соң Үкіметке бағаны тұрақтандыруға тапсырма берілді. Әзірге айтарлықтай өзгеріс орын алғанын байқаған жоқпыз. Десе де азық-түлік бағасының қымбаттамауы бақылауда секілді.
Негізі ауданда халыққа қолайлы бағада азық-түлік тауарларын сатып алатын базар жоқ болғандықтан сырдариялықтар қажетті тұтыну заттарын сауда орталығы мен азық-түлік дүкендерінен сатып алады. Базарға қарағанда дүкендерде азық-түлік бағасында айырмашылық бар екені жасырын емес. Оның үстіне бізде көтерме сауда орындары да жоқ. Сондықтан ауданда тапқан табысының біразын азық-түлікке жұмсайтындар аз емес. Ал кейбір тұрғындар қалаға жақын болғандықтан азық-түлікті облыс орталығынан тасып әуре.
Көтерме бағамен сатып алған азық-түлік тауарлары аудан дүкендерінде әркелкі бағамен сатылуда. Олардың арасында әжептәуір айырмашылық бар. Бұл дүкендер арасында бақталастық туғызып та отыр. Соның әсері болар, бүгінгі күні азық-түлік кент орталығындағы «Серікбол», «Ақжол», «Жазира» және басқа да санаулы сауда дүкендерінде әзірге тұрғындарға қолайлы бағада сатылуда. Тиісінше, тұрғындардың көпшілігі осы дүкендерден сауда жасап келеді. Ал ауылдық елді мекендердің кейбірінде шағын маркеттер бар. оларда да әзірге баға тұрақтылығы қалыптасқан. Ал қалған дүкендерде аудан орталығына қарағанда әжептәуір қымбат екенін көріп те жүрміз.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауар бағасына салыстырмалы түрде статистика жүргізіп отырады. Сол бойынша бүгінде өзіміз өндіретін ақталған күріштің келісі 220 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ макарон өнімінің келісі 230 теңгеден, ас тұзының келісі 45 теңгеден және сары май 1000 теңгеден сатылымда. Бұдан бөлек, 2,5 пайыз майлылығы бар пастерленген сүт 230 теңгеден, 2,5 пайыз майлылығы бар қатық 240 теңгеден, 5-9 пайыз майлылығы бар ірімшік 680 теңгеден, ақбас қырыққабаты 215 теңгеден сөрелерде тұр. Оған қоса, бірінші сортты бидай ұнының 1 келісі 170, нан бағасы 85, он жұмыртқа бағасы 370, қант келісі 325, күнбағыс майының литрі 700 теңге болған. Маусымына қарай бақша дақылдарының бағасы да әркелкі өзгеріп отырады. Жаз шықса, арзандайды, қыс келсе, қымбаттайды. Күнделікті тұтынатын еттің бағасы да бүгінгі күні қымбат. Тауық еті 900 теңге болса, сиыр еті 2000 теңгеден асып жығылады. Ал жылқы еті болса осы күні шамамен 2200 теңгеден сатылып жатыр. Бұл бағалар кейбір дүкендерде сақталғанымен, кейбірінде қымбаттау. Негізгі айырмашылық 10-15 теңге және одан да жоғары болуы мүмкін.
Мемлекет басшысы «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді» деп атап көрсетті. Сондықтан да Үкімет мүшелері азық-түлік бағасын тұрақтандыруда кешенді жұмыстар атқарады деп сенейік.
Ердос БЕРКІНБАЕВ