Кәсіпкерлік – экономикалық саясаттың басты шарты
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ағымдағы жылдың екінші аппараттық жиыны өтті. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен отырыста өзекті делінген үш мәселе қаралды. Оған дербес бөлім басшылары және ауыл әкімдері қатысты. Ең алдымен аудандағы саяси ахуалдың тұрақтылығы жөнінде ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов баяндама жасады.
Жыл басынан бері аудан көлемінде наразылық тудыратын митинг немесе пикетті өткізу туралы өтініштер тіркелмеген. Аталған бөлім мамандары бұл мәселенің алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізуде. Дегенмен аймақ басшысының бекіткен «Қызылорда облысының ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасына» сәйкес ауданда ауылшаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары мәселесі бойынша 3 ауыл тізімге енгізілген. Бұл ауылдар бойынша жер мәселесін және қоғамдық тәртіпті сақтауды қатаң бақылауға алып, тиісті қолданыстағы заңдылықтар бойынша түсіндірме жұмыстарын қарқынды жүргізу ұсынды бөлім басшысы Бейбіт Есенкелдіұлы. Сонымен қатар аудандағы саяси ахуалды тұрақтандыру бойынша «Регион Юг-Запад» қоғамдық бірлестігі арқылы әлеуметтік сауалнама жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар әр тоқсан сайын өткізіліп, оған 1200 тұрғын қатысуда.
– Қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, оның алдын алу мақсатында «Қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық салаларда дағдарыс жағдайлар туындағанда азаматтармен келіссөздер жүргізуші жұмысшы тобының» алгоритмі бекітілді. Алгоритм бойынша арнайы жұмысшы топ құрылып, жедел әрекет етуі тиіс салалардың іс-әрекеті белгіленді, – деді Бейбіт Смайлов өз баяндамасында.
Күн тәртбіндегі екінші мәселе жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі ғимараттардың қызыл сызыққа шығуы турасында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Абзал Кушмурзаев сөз алды. Ол өз баяндамасында Тереңөзек кентінің бас жоспарына сәйкес ғимараттар мен тұрғын жайлар көшеден, жолдар мен алаңдардан белгіленген шекарада бөлініп тұруы керектігін айтты.
Мәселен аталған заңдылықты сақтамаған Тереңөзек кентінде 36 қызыл сызыққа өткен жерлер анықталған. Бұлардың басым көпшілігі «Майжарма» каналының бойындағы тұрғындар. Оларға тиісінше ескертулер айтылып, көк қағазда (гос акт) көрсетілген сызбаға сәйкес қора қоршауларды және ғимараттарды қайта соғуға қол хат берілген.
Қызыл сызық сақталмаған елді мекендер де бар екені жасырын емес. Көрсетілген уақытта бөлім мамандары ескерту берілген тұрғын жайлардың қызыл сызықтан аспай, қалыпқа келуін бақылауда ұстайды. Тұрғындар тарапынан көрсетілген сызбаға сәйкес қора қоршаулары қайта соғылмаса, жергілікті әкімдіктерге шара көруге ұсыныс беріледі, – деді аталған бөлім басшысы Абзал Еркінұлы.
Кәсіпкерлік – экономикалық саясаттың басты шарты. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек»- деп атап көрсеткен болатын. Осы бағытта жаппай кәсіпкерлікті қолдау ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын ұлғайтып, жергілікті бюджетті нығайтады. Бүгінгі жиында қаралған үшінші мәселе – 2022 жылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік жобалар турасында болды. Тиісті саланың басшысы Нұрлан Қарсақбаев мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін гранттар мен несиелер жөнінде баяндады.
Былтырғы жылы жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында аудан бойынша 2951 млн.теңгенің 527 жобасына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілген. Оның ішінде 2790,9 млн.теңгенің 284 жобасы несие болса, құны 160 млн.теңгенің 243 жобасы грант есебінен берілген.
– Жалпы ауданда 2021 жылдың 1 ақпанында 2522 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2386-ға жетіп отыр. Ал жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 94,6 пайызды құрайды. 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3,3 пайызға артып отыр, – деді кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Нұрлан Қарсақбаев.
Аталған аппарат отырысында аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы кәсіпкерлік саласына тиісті деңгейде көңіл бөліп, аудандағы экономикалық динамиканы көтеруге нақты қадамдар жасау қажеттігін баса айтты. Себебі елді мекендердегі кәсіп бастағысы келетін халыққа мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпараттар баяу тарап жатқанын тілге тиек етті. Ал кәсібін кеңейтемін деген азаматтарға арналған мемлекет тарапынан берілетін тиісті қолдауды алуға жұмыс жасау қажеттігін сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тапсырма етіп жүктеді.
– Кәсіпкерлерге үкіметтен тарапынан берілетін қолдауларды неғұрлым арттырумыз қажет. Біз сонда ғана әлеуметтік проблемалар, оның ішінде жұмыссыздық мәселесінің алдын ала аламыз, – деді аудан басшысы.
Аппарат отырысындағы көтерілген мәселелер күн тәртібінен түспейтіндігін жеткізген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сала орынбасарлары мен басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі