Инвестор деген кім?
Экономиканың нақты секторларының дамуы Қазақстанның болашағына зор ықпал eтeтiнi анық. Оның ішінде елдiң экономикалық өcуi жаңа ірі масштабты жобалардың көмегiнсiз, инвестиция және инновация, саяси тұрақтылық және ұлттық өндiрiстiң тиiмдi дамуынсыз қалыптасуы мүмкін емес. Сондықтан да Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап экономикалық жағдайды тұрақтандыру, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инвестициялар тарту жөніндегі саясатты белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
Шетел инвестициясын тарту – республиканың инвестициялық процесінің жедел әрі тиімді дамуының бірден-бір жолы. Мұны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауларында, сондай-ақ инвесторлармен кездесуде үнемі айтып, елдің өркендеуіне инвестициялық жобаларды тартуды жүктеген болатын. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық саясатты жалғап, шетелге барған іссапарларында шетел кәсіпкерлерімен арнайы кездесу өткізіп, елге инвестиция тартуды басты мақсат етуде. Яғни мемлекетке инвестиция көптеп тартылғанда елде жұмыссыздық мәселесі шешіліп, қарқынды даму процесі байқалады. Сол арқылы мемлекеттің өркендеуі өрлей бермек.
Жалпы инвестиция елде кәсіпкерліктің дамуына әсер етеді. Ал бір кәсіпті бастау үшін үлкен қолдау қажет. Оған инвесторлардың ықпалы зор. Осы тұста біз инвестор деген кім тақырыбын тарқатып көрмекпіз.
Осыдан 5-10 жыл бұрын дамуы тұралап қалған ауылдар болды. Оның басты себебі елді мекендегі шаруашылықтардың жұмысы шатқаяқтап, ауыл адамдары жан-жаққа жұмыс іздеп кетті. Ескірген ауыл шаруашылығы техникаларымен жұмысты жандандырудың да мүмкіндігі болмады. Осы кезеңде елге инвесторлар келе бастады. Бір емес бірнеше ауылдың шаруашылығын қайта жандандыруға қыруар қаржы салды. Шаруашылық басшыларымен тиісті келісімшарт жасасып, игерілмей жатқан жерлерге қайта дән себілді. Соның арқасында егін егу жұмыстары жүргізіліп, шаруашылықта тұрақты табыс көзі қалыптасты. Ауыл халқы қайтадан шаруашылыққа жұмысқа келіп, елді мекендерде серпіліс болды. Міне, сол кездерде инвесторлар ел тұрмысының түзелуіне ықпал етті.
Негізі инвестиция дегеніміз – табыс алу үшін шаруашылық жүргізуші субьектілері салатын қаражат. Ал оны жүзеге асыратын адамды инвестор дейміз. Инвестор үнемі табыс алуға, капитал құнының өсуіне мүдделі болады. Ол белгілі бір іске уақытына қарай қысқа немесе ұзақ мерзімде мол қаржы құяды. Қазіргі күні бір кәсіпті бастау үшін инвестор, болмаса серіктес табудың маңызы зор. Әрі бұл соңғы кезде жиі тәжірибеден өтіп жүр. Сондықтан инвестордан қаражат алу үшін әркімнің алдағы уақытқа нақты жоспары, берілген қаржыны қайтаруға жасалған іс-шарасы болуы міндет.
Жалпы инвестор өз қаражатын бизнеске салуда тәуекелге баратынын ескерсек, қаржының қайтарымы болатынына сенімді болуы қажет. Сол үшін де әркім белгілі бір кәсіпті бастар алдында немесе жұмысты қайта жандандыруға қаражат сұрар шағында барлығының есеп-қисабын ұсынуы шарт. Яғни белгілі бір бизнестің табысты болатынына инвесторды сендіру керек. Сол кезде барып ол жобаны инвестицияландырады.
Жоғарыда айтқандай, шаруасы тұралаған ауылдар аудан көлемінде де болды. Мәселен, Қалжан ахун, кентке қарасты О.Мәлібаев ауылы шаруашылықтары жұмысын тоқтатып, егін егілмей қалған жылдар болды. Сол кезеңдерде облыс орталығындағы «Жан Арай» ЖШС директоры, инвестор Бағдәулет Махашев жұмыстың жандануына қаражат құйды. Соның нәтижесінде қазір шаруашылықтардың әлеуеті артып, жыл сайын қамбаны астықпен толтыруда. Берекелі Бесарық атанған елді мекенге де «Абай Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев инвесторлық етіп, ауылдың гүлденуіне септігін тигізуде. Серіктестік А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылына да жыл сайын инвестиция салып келеді. Міне, осындай ауылдарға инвесторлардың мол қаржы құюының нәтижесінде елде ырыс-береке артып, жұмыссыздық көрсеткіші төмендеді. Ал жұмыссыздық азайған ауылдың әл-ауқаты жақсы болатыны анық.
Шаруашылықтардан бөлек ауданға көптеген жобаға жан-жақты инвестиция тартылуда. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-қарашасында аудан экономикасына 58,2 млрд. теңге негізгі капиталға инвестиция тартылып, көрсеткіш 61 процентке ұлғайған. Инвестиция көлемінің негізгі үлесі Сарыарқа магистральді газ құбыры құрылысының жобасына (Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Нұр-Сұлтан бағыты) 30 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылуы себепкер болып отыр. Сондай-ақ өзге де жобалардың қаржыландыруы нәтижесінде көрсеткіш ұлғайған. Осындай инвестицияның арқасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы өркендеуде.
Түптеп келгенде инвестор белгілі бір кәсіпке қаржы құю арқылы өз табысын молайтуды көздейтін адам. Сондықтан кез келген адам инвестормен бірге даму, өсу, капиталды арттыру, болашақта оның серіктесіне айналуды мақсат тұтуы тиіс. Сонда ғана кәсіпді өркендетуге, табыс табуға мол мүмкіндік болмақ.