Екі ел арасында ынтымақтастық жанданады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барып, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен саяси ықпалдастыққа жаңа серпін беруге ықпал етті. Қазақстан Президентін Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель күтіп алды.
Іссапарда Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері БАҚ өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстан Президенті Германия Канцлеріне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Меркель ханымның екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан өзінің сыртқы саясатындағы сабақтастықты сақтап, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамаларын жалғастыра беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Еуропа Одағы бойынша алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтып, Қазақстан үшін осы елмен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екеніне тоқталды.
– Германия экономикалық әлеуеті жағынан әлемдегі төртінші мемлекет болғанымен, бізге тікелей инвестиция салып отырған елдердің ішінде 12 орында. Қазақстан әртүрлі саладағы 700-ден астам жобаны жекешелендіретін болады. Бұл неміс инвесторлары мен компанияларына жақсы мүмкіндік туғызады деп санаймын. Неғұрлым инвестиция көп тартылса, соғұрлым екі ел үшін де тиімді болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қ.Тоқаев Қазақстанның Германия инвесторлары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынып отырғанын, бұл екі тарапқа да өте тиімді болатынын айтты.
Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель Қазақстанмен арада берік ынтымақтастықтың орнағанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қ.Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ екі тарап келіссөздерінің нәтижелі өткенін айтты.
Мемлекет басшысы Берлинге сапары барысында неміс бизнесінің бірқатар өкілімен кездесті.
«CLAAS Group» компаниясы Бақылау кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзермен кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
– Біздің негізгі стратегиямыз – елімізге тартылатын инвестицияларды әртараптандыру. Инвестиция тұрғысынан Германияның негізгі стратегиялық серіктесі болғымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Катрина Клаас-Мюльхойзер Қазақстанның ірі компаниялармен ғана емес, сондай-ақ, орта деңгейдегі компаниялармен де ынтымақтастық орнатуға ниетті екеніне ризашылық білдірді.
«Linde AG» компаниясының атқарушы вице-президенті Кристиан Брухпен кездесу барысында кәсіпорынның Қазақстанда жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалары мен алдағы жоспарлары туралы сөз болды.
Қазақстан Президенті «Schaeffler Group» компаниясының Бас директоры Клаус Розенфельдпен кездесу кезінде өзара ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Автомобиль жасау, өнеркәсіп және ғарыш салалары бойынша қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорын басшысы Клаус Розенфельд Қасым-Жомарт Тоқаевқа өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктері туралы мәлімет берді.
«Siemens Healthineers» компаниясының Бас директоры Бернд Монтаг Мемлекет басшысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынатын онкологиялық орталықтың жобасын ұсынды. Кәсіпорын басшысы еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға септігін тигізетін ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін айтты.
Берлинде Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингермен кездесу өткізді.
Қазақстан Президенті Германия басшылығымен жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталып, Қазақстан нарығына неміс бизнесін, технологиясы мен инвестициясын тартудың маңыздылығы жөнінде айтты.
Вольфганг Ишингер келесі жылы өтетін кезекті Мюнхен конференциясына дайындық барысы туралы мәлімет беріп, Қазақстан Президентін аталған беделді жиынға қатысуға шақырды. Сонымен қатар тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Еуропа еліне сапары барысында Мемлекет басшысы Берлин еуразиялық клубының 28-отырысына қатысып, оның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Германияның бірқатар бизнес өкілімен және Фраунхофер институтының сыртқы байланыстар бөлімінің директоры Йенс Нойгебауэрмен кездесіп, тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Аkorda.kz