Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Инвестициялық форум аясында қандай мәселе көтерілді?

Инвестициялық форум аясында қандай мәселе көтерілді?

Экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында жыл сайын аймақта «Baikonyr Invest» инвестициялық форумын өткізу дәстүрге айналды. Биыл 11 рет өткізіліп отырған халықара­лық форумның тақырыбы – «Қызылорда: тұрақты өрлеу, инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер». Оның аясында жалпы құны 100 млрд теңгеге жуықтайтын жобаларды жүзеге асыру үшін 25 меморандум мен 1 келісімшартқа қол қойылды.
Инвестициялық форумның салтанатты ашылуы мен пленар­лық отырысына қатысқан облыс әкімі Қ.Ысқақов мұндай ма­ңызды шараның өңірдің өр­кен­деуіне оң ықпалын тигізіп жат­­қа­­нын айтты.
– Алғаш рет «Baikonyr In­vest» форумын 2013 жылы өт­кіз­дік. Алдыңғы 10 форумның нәтижесі бойынша 130-дан астам меморандумға қол қо­йыл­ды. Облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақта биылғы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстардың не­гіз­­гілерін атап өткім келеді. Қызылорда облысының ең ма­ңыз­­ды артықшылықтарының бірі – тиімді логистикалық жағ­дай­ға ие екендігі. Бүкіл облыс арқылы су артериясы (Сырдария өзені), оның бойымен темір жол және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымнан астам ең үлкен учаскесі, «Бей­неу-Бозой-Шымкент» газ құбы­ры да өтеді. Сонымен бірге индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аймақ эко­номикасының дамуына тың серпін беруде. Соның негізінде облыста 24 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде елді мекендерді газдандыруға мүм­кіндіктер туды. «Қараөзек» қу­атты газ-компрессорлық стан­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­циясы салынып, Нұр-Сұл­тан қа­­­­ласына газ жеткізуге жол ашылды, – де­­ді аймақ басшысы.
Дәстүрлі инвестициялық форумда ше­телдік және отандық бизнес-қа­уым­­­дас­тық өкілдері, инвестициялық ком­­­­паниялардың басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, Иран, Франция, Германия, Македония, Нидерланд Корольдігі, Корея, Канада, Словения, Қытай, Ресей сияқты алыс-жақын 10 мемлекеттен инвесторлар бас қосты. Олар форум барысында әріптестік байланысты нығайтып, инвестициялық жобаларды талқылады. Атап айтқанда, Иран Ислам Республикасының Қа­зақ­стандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Сабер Маджид Самадзаде мемлекеттер арасындағы достықтың екі елдің өсіп-өркендеуіне септігін тигізіп келе жатқанына тоқталды. Ал Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті Елшісі Андре Карстенс экономикалық байланыстың негізінде Нидерланд мем­лекеті Қазақстанның мұнай-газ са­ласындағы ірі серіктестігі екенін атап өтті. Елші әріптестікті нығайту үшін алдағы уақытта Қызылордада жылыжай кешені салынатынын жеткізді. Одан бөлек Қазақстандағы Корея Рес­публикасының Елшісі Ким Дэ Сик екі ел арасындағы байланысқа аталмыш форум ерекше ықпал ететіндігін, экономикалық ынты­мақ­тастықты дамытатынын айтты.
Форум шеңберінде әр салаға қа­тысты секциялық жиындар өтті. Онда «Байқоңыр» АЭА – жобаларды іске асыруға арналған перспективалы алаң», «Ауыл шаруашылығында фермерлікті жә­не мал шаруашылығы кластерін дамыту мүмкіндіктері», «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту перс­пективалары» тақырыбы бойынша баяндамалар оқылды.
Жалпы инвестфорумда көлік және логистика, құрылыс, өнеркәсіп, инфра­құрылымды дамыту, тау-кен, металлургия және жер қойнауын пайдалану, сау­да-экономикалық ынтымақтастық, энергетика, инновация, ауыл шаруашылығы, қаржы, денсаулық сақтау мен мәдениет, туризм және білім беру салалары бо­йынша шетелдік және отандық бизнес-қауымдастық өкілдері, инвестициялық компаниялардың басшылары өзара пікір алмасты. Осының нәтижесінде облыстың әр саладағы мүмкіндігі сарапқа салынып, облыс, қала, аудан әкімдіктері мен инвесторлар арасында бірқатар меморандумға қол қойылды.

Дайындаған
Е.БЕРКІНБАЕВ

07 желтоқсан 2019 ж. 1 401 1