Сарғайған суреттің сыры
Әр сурет – бір тарих. Өткенді өшірмей, тура сол кездегідей көз алдыңа келтіретін қағаз бетіне таспаланған тарих қана. Осындай бір тарихи суретті оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Суретте жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджанов бірқатар әдебиет әлемі өкілдерімен бірге ауыл тұрғындарының ортасында тұр. Аталған суретті әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған Марат Омаров ағамыздан сурет тарихына қатысты тың дерек сұрадық.
– 1995 жылы Қалжан ахун мен Оспан Мәлібаев ауылының еншісі бөлінбеген кез еді. Екеуі бірге 21 партсъезд совхозы деп аталатын. Ол кезде Үкіметтің ауысып, ауылдың енді аяққа тұрып келе жатқан кезі болатын. Елде ақша жоқ, зейнетақы мен айлық жалақыны алу мұң. Сондай бір қиын-қыстау кезеңдердің бірі болатын. Дәл сол 1995 жыл Оспан Мәлібаев әкеміздің 95 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Сол кезде еңбегімен ел есінде сақталған азаматтың мерейтойы атап өтілді. Ауылдық клуб үйіне Қалтай Мұхамеджанов, Күләш Ахметова, Сейфолла Оспанов арнайы келіп, кең көлемде атап өтілген болатын. Сол жиында түсірілген сурет еді, – деді ҚР Журналистер одағының мүшесі М.Омаров.
Сарғайып сақталған, көп тарихты бойына тұндырған суреттің таспаға түскеніне биыл 30 жыл болыпты. Тарихи сурет Марат Омаров ағамыздың жұмыс бөлмесінде сақталып тұр.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ