Бакуде Қазақстанның мәдениет күндері басталды
Халықаралық муғам орталығында «Хассак» қазақ этно-фольклорлық ансамблінің алғашқы жеке концерті өтті, деп хабарлайды Kazinform.
Музыкалық қойылым Қазақстанның Әзербайжандағы мәдениет күндері аясында екі елдің Мәдениет министрліктерінің көмегімен ұйымдастырылды.
«Бұл Бакуде бірінші рет ұйымдастырылып жатқан жоқ, бірақ біз бүгін осы жерден табылғанымызға өте қуаныштымыз. Шетелдік қалалардың ішінде бізге бәрінен де Баку ұнайды, өйткені мұндағы адамдар өте мейірімді және қонақжай. Екіншіден, оның тарихы өте бай, қала жасыл және жаңа», - деп атап өтті ансамбль жетекшісі Ержан Жәменкеев құттықтау сөзінде.
Оның айтуынша, бүгін ансамбльдің ең танымал және үздік шығармалары орындалады.
«Біз қазақтың 30-дан астам ұлттық аспаптарын көрсетеміз. Олар осында өнерпаз бес адамға тиесілі. Біз бүгінгі көрермендерді және Әзербайжанның құрметті халқын қуантуға тырысамыз», - деді «Хассак» басшысы.
Жәменкеев ансамбль солистерінің әрқайсысы 10 және одан да көп аспапта ойнайтынын айтты. Олардың кейбіреулері қайта жаңғырып, өз бетінше қолданысқа енгізілді.
«Өз саламыздың кәсіби маманы болуды армандаймыз, оның көмегімен музыка мәдениетін насихаттаймыз. Қазіргі уақытта біз туындыларымызды балет, опера сияқты басқа жанрлармен, сондай-ақ симфониялық және халық оркестрлерімен бірлесіп жасаудамыз. Тақырыпқа қарай шығармаларымызда түркі, иран, өзбек, қытай мотивтерін де қолданамыз», - деп түйіндеді Жәменкеев.
Ол баяндама кезінде келесі жылы ансамбльдің Алматыда үлкен жеке концертін өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Әзербайжандағы мәдениет күндері 4 желтоқсанға дейін жалғасады. Бағдарламада қазақ актерлерінің орындауында М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклі де бар.
Баку тұрғындары үшін Қазақстанның бейнелеу өнерінің көрмесі есігін айқара ашты, мұнда келушілер шеберлердің туындыларымен таныса алады. Іс-шараның қорытынды кезеңі Гала-концертпен жалғасып, онда қазақ музыка өнерінің өкілдері өнер көрсетеді.