Бас бапкердің мәрттігі
Әлемдегі танымал футбол бапкерлерінің бірі Томас Тухель Францияның мықты «ПСЖ» командасын жаттықтырды. Ол 2018 жылы «ПСЖ»-мен келісімшартқа отырғанда сол елдегі әдемі үйге қоныстанады. Белгілі бапкер әйелі екеуі тұрмыстық жұмыстарды атқару үшін филиппиндік қызметшіні жалдайды.
Үй қызметшісі өз жұмысын кәсіби түрде атқарып, уақытпен санаспайды. Тухель отбасымен жақсы қарым-қатынаста болады. Тынымсыз қызмет еткен филиппиндік әйел балаларының бірінің жүрегіне ота жасауға қаражат жинайды. Мұны футбол жаттықтырушы мен әйелі біліп, қызметшісіне қолдау көрсетеді. Тухель еш ойланбастан ауыр отаның қаражатын төлейді. Ота сәтті өтіп, бала өмірін сақтауына көмек көрсеткен.
Белгілі бапкер 2018-2020 жылдары француздық клуб ойыншыларын жаттықтырды. Осы клубтан кету уақыты таяған шақта ол өзінің филиппиндік әйелден өмірдегі ең үлкен арманы не екенін сұрайды. Қызметшісі туған жері Филиппинге оралуды және отбасымен бірге үлкен үй салуды армандайтынын айтқан.
Содан кейінгі уақытта Томас Тухель «ПСЖ» бас бапкерлігінен босатылып, ағылшындық «Челси» командасын жаттықтыруға кіріседі. Франция мемлекетінен кетер алдында ол өзінің қызметшісін ұмытпай, оның арманын орындады. Атап айтқанда, отбасымен бірге тұру үшін Филиппин мемлекетінен сәнді вилла сатып алып берген.
Ердос БЕРКІНБАЕВ