Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қайсар» командасының жаңа бас бапкері таныстырылды

«Қайсар» командасының жаңа бас бапкері таныстырылды

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында журналистерге «Қайсар» футбол клубының бас бапкерін таныстырды. Енді «дала қасқырларын» Сұлтан Әбілдаев жаттықтыратын болады, – деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.

Сұлтан Әбілдаев 1970 жылы 21 наурызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Кәсіби футболшы. Алаңда жартылай қорғаушы қызметін атқарған. Мансабының басым бөлігін «Қайсар» футбол кубында өткізген. «Қайсар» футбол клубының тарихында ең көп ойын өткізген ойыншы. Қазақстан Ұлттық Құрамасының намысын қорғаған. 2005 жылы мансабын аяқтаған соң, бапкерлік қызметке ауысты. Алдымен футбол орталығында шәкірт тәрбиелеумен айналысса, 2009 жылы «Қайсар» командасын жаттықтырды. 2010 жылы бас бапкердің көмекшісі қызметін абыроймен атқарды. 2016 жылы «Қайсар» футбол клубына бас бапкер қызметіне тағайындалып, команданы Бірінші лигадан Премьер-лигаға шығарды. Сол жылы Бірінші лигада ең үздік бапкер атағына ие болды.

– Біз алдымызға жергілікті футболшылардың кәсібилігін көтеруді мақсат етіп отырмыз. Облыстық футбол федерациясымен ақылдасып, аймақ басшысына ұсыныс жасадық. Команда директоры Серік Досманбетовтың келісім-шартын тағы бір жылға ұзарттық. Ал команданы жергілікті маман Сұлтан Әбілдаев жаттықтарады. Оған үлкен сенім артып отырмыз. Оның үстіне ол барлық сатыдан өткен. Жергілікті жас ойыншылардың деңгейін жақсы біледі. Ұлттық, жастар құрамаларында ел намысын қорғап жүрген Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев, Елжас Сарыбай, Аян Құлмағанбетов, Бекзат Құрманбекұлы секілді ойыншылар бар. Оларды өкшелеп келе жатқан жасөсірімдер де жеткілікті. УЕФА талабына сай келетін 26 бапкер бар. Яғни, кәсіби ойыншалар дайындауда тәжірибе толысқан. Ойыншыларға тұрақты қолдау көрсету мақсатында жанкүйерлер клубын құратын боламыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.

– Жаңа маусымды асыға күтіп отырмыз. Жас ойыншыларға мүмкіндік береміз. Көпшілігі жастар құрамасында доп тебеді. Тәжірибелері бар, алаңда өздерін еркін ұстай алады. Қазір нағыз өздерін дәлелдейтін уақыт. Біздің жігіттерге техникалық шеберлік жетіспеуі мүмкін. Бірақ мінез бар. Біз өзгелерден осы қасиетімізбен биік тұрамыз. Команданы енді жасақтаймыз. Сондықтан қандай тактика ұстанатынымызды кесіп айта алмаймын. Оның бәрін уақытында көреміз, команда сапына шақырылған ойыншылар туралы ақпарат беретін боламыз, - деді «Қайсар» ФК бас бапкері Сұлтан Әбілдаев.

Бүгінде облыс халқының 31,3 пайызы спортпен тұрақты шұғылданады. 1684 спорт секциясында 53441 адам қатысады. Оның 47 мыңнан астамы ересектер мен жастар, 6 мыңға жуығы балалар. Аймақта 12 стадион, 113 ойын алаңы бар. 450 бала «Қайсардың» футбол мектебінен тәлім алуда.

18 желтоқсан 2020 ж. 545 0