Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қайсарды» Сұлтан әбілдаев жаттықтырады

«Қайсарды» Сұлтан әбілдаев жаттықтырады

Өткен футбол мауысымы «Қайсар» командасы үшін сәтсіз болды. Турнирлік кестеде 19 ұпаймен 13-орында аяқтап, бірінші лигаға түсіп қалды. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке команданың басшылық құрамы мен жаңа маусымға дайындық барысы туралы айтылды.

- 2018 жылдан бастап клубтың директоры қызметін Қызылорда футболының түлегі, Серік Досманбетов атқарып келген болатын. Біз бұл жасалған келісім шартты 2021 жылғы 30 қарашадан бастап тоқтатып, клубтың директоры қызметіне тәжірибелі маман Жағыпар Жанахметовты тағайындап отырмыз. Сонымен бірге, «Қайсар» командасының бас бапкерлігіне жергілікті маман Сұлтан Тоқатайұлы Әбілдаевтың кандидатурасы ұсынылып, облыс әкімдігі және облыстық футбол федерациясының келісімімен қолдау тапты, - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұл.

- Жаңадан тағайындалған бас бапкер Сұлтан Әбілдаев Қайсарды Бірінші лигадан Премьер-лигаға 4 рет шығарған. 3 рет бас бапкердің көмекшісі ретінде болса, соңғы рет 2016 жылы біліктілігі арқасында қызылордалық команда ойыншыларына Премьер-лигада доп тебуге мүмкіндік сыйлады. Жоғары кәсіби білімді маман. Премьер-Лига талабына сәйкес PRO-дәрежесі бар. Бас бапкерге деген сенім жоғары. Жасыратыны жоқ, команданың 90 пайызы өзгерді. Қазір жергілікті футболшыларға артылатын үміт көп. Алдағы мақсат Премьер-лигаға өту,- деді облыстық футбол федерациясының вице-президенті Болат Көшербаев.

Жаңадан тағайындалған бас бапкер Сұлтан Әбілдаев баспасөз конференциясыда БАҚ өкілдеріне алдағы жоспарлары туралы айтты.

- Маған сенім білдіргеніне алғыс айтамын. Алдағы жоспарымыз белгілі. Жаңа маусымда Бірінші лигадан алдыңғы қатардан көрініп, Премьер-лигаға жолдаманы алу. Қазіргі кезде оқу жаттығу жиындары жергілікті базамызда өтуде. Екінші жаттығу қаңтар айында Шымкент қаласында жалғасады. Негізгі құрам содан кейін анықталатын болады, - деді «Қайсар» ФК бас бапкері Сұлтан Тоқатайұлы.
27 желтоқсан 2021 ж. 336 0