Оңтүстік Кореяның экс-президенті қамауға алынды
Айыптаушы тарап Оңтүстік Корея республикасының экс-президенті Ли Мен Бак Ұлттық барлау қызметінен және бірқатар коммерциялық құрылымдардан пара алды деп айыпталғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі korrespondent.net сайтына сілтеме жасап.
Корея республикасының Бас прокуратурасының сұранысы бойынша Сеул орталық округінің соты 67 жастағы елдің экс-президенті Ли Мен Бакты қамауға алу туралы ордер шығарды. Тергеу органдары саясаткер бостандықта жүрген уақытында барлық айғақтың көзін жоюы мүмкін деген қауіппен оның қамауға алынуын талап етті. Пара алды деген айып бойынша Ли Мен Бакпен бірге оның туыстары, Samsung Group компаниялар тобының бұрынғы кеңесшісі мен қызметкерлері де күдікті деп танылып отыр.
Айыптаушы тарап елдің бұрынғы президенті Ұлттық барлау қызметінен және бірқатар коммерциялық құрылымдардан пара алды дегенді сенімді айтып отыр. Сонымен қатар, Ли Мен Бак автобөлшектер шығарумен айналысатын компания арқылы заңсыз құрылған қор туралы іске қатысушы болып табылады. Айыптаушы тарап Ли Мен Бак аталған қорға иелік еткенін және шамамен 20 млн еуро жинап алғанын мәлімдеді. Ал, қағаз жұзінде бұл қор экс-президенттің үлкен ағасына тиесілі болатын. Енді Бас прокуратураның саясаткерге ресми айып тағуы үшін 20 күн уақыты бар.