АУЫЛ КЕШІ КӨҢІЛДІ
Амангелді ауылы – аудан орталығынан алыс орналасқанымен әрдайым көрші елді мекендермен тығыз байланыс орнатып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын елді мекен ретінде көпке үлгі болып келеді. Қай өңірде болсын, мәдениет саласының дамуы үшін ең әуелі заман талабына сай мәдени ғимараттар болуға тиісті.
Ал бұл ауылдағы мәдениеттің ошағы саналатын ғимараттың іргетасы өткен ғасырда қаланғанымен, бүгінде заман талабына сай қайта жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы нығая түскен. Сөзіміздің айқын дәлелі ретінде жақында ғана мәдениет саласының қызметкерлеріне ұйымдастырылған «Мәдени шараның озық үлгісі» атты аудандық семинар кеңесті айтуға болады. Ашылу салтанатында алғаш сөз кезегін алған ауылдық округ әкімі Құрманғали Құлымбетов келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Семинар барысында ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған түрлі үйірмелердің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, ән мен күйден шашу шашты.
«Жүйелі жұмыс – нәтижелі жетістіктер» тақырыбында арнайы баяндаманы видео-ролик форматында ұсынған мәдениет үйінің әдіскері К.Аманжолова, жыл бойына атқарылған жұмыстарды жүйелі жеткізді. Ауыл ішіндегі көшелердің арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Келіндер сайысының» көрермені көп. Ақындар айтысы мен театрланған спектакльдер де ел ықыласына бөленген. Кейін Шаған ауылының мәдениет қызметкері Г.Райымбекова семинар қатысушыларына ой сергіту тренингін өткізді. Осылайша семинардың алғашқы бөлімін мәдениет саласы қызметкерлерінің жүйелі жұмыстары мен адал еңбегін ескеріп, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысының алғыс хатын бас маман Ақбота Асанова табыстады.
Сонымен қатар, ауылдық округ пен мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болған, еңбек майталманы Арыстан Рүстемовтің құрметіне аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Еңбек ардагеріне арнайы келіп өзі қатыстқан бұл ақындар бәйгесінің дәл осы күнге өткізіліп отырғандығында үлкен бір мән бар. Арыстан Рүстемов ауылдық мәдениет үйінің қабырғасы қалануына бірден бір себепкер болған адам. Көзі тірісінде халықтың қошеметіне бөленіп, асыл жары – анамызбен бірге қарияның шаңырағы шаттыққа толы, немерелерінің сүйікті ата-әжесі.
Ауданға қарасты 14 елді мекеннен келген жазба ақындар сайысы екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында Арыстан атамызға арнау оқыса, екінші кезеңде өз шығармашылығынан жыр оқыды.
Қара өлеңді жанына серік еткен қатысушылардың жалынды жырларына көрермендер жоғары баға берді. Ойлы, парасатты сөз иірімдерімен көптің көңілінен шығып, қазылар алқасының шешімімен қалжан ахундық Самат Жұмаділов сайыс жеңімпазы атанды. Арнайы алғыс хат пен Рүстемовтер әулетінің дайындаған бағалы сыйлығын Арыстан Рүстемов табыстады.
Майя ҚОЖАБАЙ