Сырдария өнерпаздары республикалық деңгейде топ жарып, аудан абыройын асқақтатты
Алматы қаласында өткен XXVIII Халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында Сырдария ауданының жас таланттары жоғары өнер көрсетіп, ауданымыздың мерейін үстем етті.Байқау қорытындысы бойынша Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Әуен бағы» ән үйірмесінің өнерпазы Марат Нұрай вокал жанры бойынша жүлделі І орынды иеленді.
Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйі жанындағы «Балауса» халықтық би ансамблі байқауда үздік өнер көрсетіп, жүлделі І орынға лайық деп танылды.
Халықтық аспапта ойнау номинациясында Айдарлы ауылынан қатысқан Көзейбай Дәулетхан жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, Сыр өңірінің өнердегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл жетістіктер – жас өнерпаздардың таланты мен табанды еңбегінің, сондай-ақ олардың жетекшілерінің кәсіби шеберлігі мен тынымсыз ізденісінің жемісі.
Осы орайда шәкірттерін үлкен өнер додаларына дайындап, шығармашылық жолда бағыт-бағдар беріп жүрген жетекшілерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Жас таланттардың қанатын қатайтып, өнерге баулып жүрген ұстаздардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Сонымен қатар, балаларының өнерге деген сүйіспеншілігін қолдап, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап жүрген ата-аналарға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Бала жетістігі – отбасы тәрбиесі мен ұстаз еңбегінің ортақ жеңісі.
Сырдарияның дарынды жастары алдағы уақытта да ауданымыздың абыройын асқақтатып, жаңа белестерді бағындыра беретініне сенім мол.











