Халықаралық байқаудың жеңімпазы

Жақында өткен байқауға Қазақстанның түрлі қалалары мен аудандарынан өнерпаздар келіп бақ сынады. Бүгінде өзінің би өнеріндегі шеберлігімен сондай-ақ осы уақытқа дейінгі жеткен жетістігімен көпшіліктің жүрегін жаулаған «Балауса» халықтық би ансамблі тағы бір мәрте мықтылығын жұртшылыққа дәлелдеді.
– Би ансамбліндегі үлкен топ және кіші топ өнерпаздары да жетістіктерімен көпшілікке аян. Бұл байқау да біз үшін бір белес болды. Хореографы Таңшолпан Бисенбайқызының сіңірген еңбегі орасан зор. Жалпы әр би қимылын үйренуде биші қыздардың талабы жоғары. Олардың байқау үшін дайындаған өнері жүрекке жетері анық. Бірақ та біз үшін бұл жетістік әлі бастамасы. Сондықтан тек талмай, өнердегі орнымызды айқындауымыз керек. Ал халықаралық «DANCE BATTLE» бишілер байқауында «Балауса» халықтық би ансамблінің үлкен тобында Анель Оразханова, Інжу Байділда, Адина Төлебаева, Айзат Бағдатқызы, Аяулым Бекбергенқызы, Жанерке Амангелдиева, Аружан Алмасбекқызы және Ханшайым Қанатқызы есімді бишілеріміз «Ұрпаққа аманат» атты биімен өнер көрсетіп, көрерменнің көңілінен шықты, – дейді жетекші балетмейстері Ақмарал Пернебаева.
Халықаралық додада жеңіске жету – тек жеке жетістік емес, ол еліміздің мәдениетіне қосылған үлкен үлес. Сондай-ақ ауданның абыройы мен аймақтың беделі. «Балаусаның» биігі әлі алда. Аудан абыройын асқақтатқан ұжымды шын жүректен құттықтаймыз!
Г.ТАБЫНБАЙ