Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№22 газет

28 наурыз 2026 ж.

№ 23 газет

23 наурыз 2026 ж.

№ 20 газет

17 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Актриса

Көше сәніне көрік берген өрік ағашы гүлдеп тұр. Көктемнің салқын лебі денесін жауратқан келіншек театрдан шығып, үйіне бет алды. Бүгінгі сомдаған рөлі тым ауыр. Әйел психологиясына қатты әсер ететін тұрмыстық зорлық-зомбылықты бейнелейтін рөл. Кейіпкері Айшаның рөлінен шыға алмаған Гүлімнің көз алдына өз өмірі елестей кетті. «Жазған-ау, күнделікті көріп жүрген қорлығыңды сахнада әдемі сомдап шықтың» деген ой санасына орала кетті.

Кеудесін қарпып өткен тағдырдың табы оның жан дүниесіне өрнек салып тастаған. Жылдар бойы ішкіліктен бас алмайтын, одан қалды жүргіштігі бар еркекті тастағысы келгенімен, жарық дүниеге келгеннен аурушаң болған баласы әкесінен айырылмайды. Құдай қосқан қосағы Ермекпен осыдан 15 жыл бұрын танысты. Ол кезде Гүлім 20 жастағы өрімдей қыз еді. Содан бері олардың махаббат хикаялары басталып, отбасылық өмірге ұласты. Соңғы 5 жылда ерлі-зайыпты арасындағы сенім мен сыйластық бірте-бірте жоғалып кетті.

Бүгінде орта жастағы келіншек үйіне қайтқысы келмеді. Үйге бара қалса, қызғаныштың салдарынан тағы да соққыға жығылып, сүйген ерінен зорлық көретін еді. Есікті ашқан бойда төргі бөлмеде жатқан Ермекке естірте сөйледі:
– Таңертең Арманды көрдім. «Ертең жұмысқа қайта келсін. Бір орын босады» дейді.
– Бармаймын. Зауқым жоқ.

– Менің бір айлығым ештеңеге жетпейді. Өзің де білесің.

– Олар мені алдап кеткен. Бар ақ­шамды тартып алған. Мен ондай сұм­пайыларымен бірге жүргім келмейді.

– Қалай, өтірік сөйлейсің бе? Өзің емес пе, 300 мың айлықты азсынып, басшылықтың жағасынан алған. Төбелестің салдарынан біреудің басын жарып, қылмысқа тартпау үшін айлығыңды солардың қолына бердің. Қайта олардың жұмысқа шақыруы – адамшылық.
Үйдегі бар азық-түлікпен ас дайындап тұрған Гүлімнің желке тұсынан дастарқан үстіндегі пәрнек тиіп өтті. Шындыққа төзе алмаған Ермек әйелін өлімші етіп сабады. Саудың тамағын ішіп, жындының ісін қылатын Ермектің қолы қата тигеннен болар, әйел сол күні аурухана төсегіне танылды.

Театр сахнасында бүгін ғана ерінен озбырлық көрген Айшаның тағдырын көрерменге әсерлі жеткізе білген Гүлімнің өзі де өмірдің шындығына куә болды. Ауруханада бір жеті ем алған Гүлім барлық жан сырын қағаз бен қаламға төкті. Терезе жақтауына қарап жатып, ұлын ойлады. Осылайша, әйел сырын қағазға түсірді:

«Мен… Менің сахнадағы өмірім осылай аяқталады деп ойламадым. Барлығы… Бәрі тез өтті, бірақ бірде-бір сәтте мен өзім үшін тоқтап, дем алып, шынымен сезінген кезім болған жоқ. Адамдар әрдайым күледі, сөйлейді, бірақ олар тек сыртқы бейнеңді көреді. Ал ішіңде… Ішіңде бұлт сияқты ауыртпалық тұрады. Әрбір таң – жаңа мүмкіндік, әрбір сәт – жаңа өмір деп ойлайтынмын. Ал қазір… Қазір менің әрбір демім күрес. Әрбір секунд… Мен үшін сыйлық па, жазалау ма. Менің денем… Мені тыңдамайды, менің қолым, аяқтарым, ішімдегі… бәрі… бәрі шаршаған. Бірақ ақыл… Ақыл әлі кетпеді. Мен әлі ойлаймын. Әлі есте сақтаймын. Әлі сеземін. Сіз білесіз бе… адам тек өз ауыртпалығын ғана түсінеді. Сізге күлкі, сүйіспеншілік, өмірдің мәні керек деп ойлайсыз, бірақ шындығында – тек тыныс алуыңыздың өзі – күрес. Сондықтан мен осында, осы төсекте, өз ойыммен қалдым. Бірақ менің жүрегімде үміт сәл ғана бар. Өйткені адам үмітсіз болмайды, тіпті өмірдің ең ауыр тауқыметінде де. Тіпті осы қараңғы сәтте де мен өмірдің бір сәтін сүйемін. Өйткені мен тірімін және тірі болғаныммен күресіп жатырмын» деген келіншек қойын дәптерін жай ғана жауып қойды.
***
Күндер өтіп жатты. Гүлім театр сахнасына шықпағалы бірнеше жылдың жүзі болды. Өзі қызмет еткен мәдениет ошағына таяққа сүйеніп кірді. Мұнда бәрі жаңарған, тек режиссер өзгермеген.
– Сартай аға, – деді қатқыл үнмен ол.

– Айналайын, көкем-ау, Гүлімбісің деп жылы қарсы алды режиссер.
– Иә, аға, мына сахнада кезінде өзіңіз жұлдыз қылған Гүліммін.
– Қайда жүріп жатсың?

– Сол баяғы үйімізде тұрамын. Ермек түрмеде. Мен ауруханада жатқанымда оны жасаған озбырлығы үшін соттады. Баламыз екеуміз біреуден ілгері, біреуден төмен жүріп жатырмыз. Өзімнің шағын дүкенім бар. Сахнаны сағынып кеттім.

– Шіркін, талай марқасқаны шығарған сахнаны кім сағынбайды дейсің, қызым?! Сен осы жерде 20-дан аса қойылымда басты рөлде ойнадың. Театрдың шын бет-бейнесі едің. Қазір ұжым жастармен толықты. Кеше Халықаралық театр күні болды. Сол мерекені ертең атап өтеміз. Ортамызда бол.

– Шақыруыңызға рақмет, аға! Міндетті түрде келемін. Бұрынғыша қасымда қызғанатын Ермек жоқ.
– Қызғаныш деген – ол ауру немесе мінездегі ауытқу. Ермек те саған күн көрсетпеді.

– Білесіз бе, арбаға таңылған келіншектің рөлін сомдап, үйіме барғанда осындай хәлге түстім. Адам өз өмірін сомдап жатқанын әсте білмейді екен ғой.

Расында, Гүлім сахнадан біржолата алыстағанмен, өнер одан бір сәтке алшақтаған жоқ. Талантымен талайды таңқалдырған актриса тағы да бір күні жұлдызы жанатынына сенеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

28 наурыз 2026 ж. 50 0