Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмір ғажайыптарға толы: Айнұр Тұрсынбаева көмектескен бейтаныс әйел 17 жылдан кейін оған жақсылығын қайтарған

Өмір ғажайыптарға толы: Айнұр Тұрсынбаева көмектескен бейтаныс әйел 17 жылдан кейін оған жақсылығын қайтарған

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева осыдан 20 жылдай уақыт бұрын орын алған оқиғаны еске алды. Ол пойызда жолсеріктер түсіріп тастамақ болған келіншекке өзінің танымалдығы көмек болғанын айтты. Ал арада 17 жыл өткеннен кейін ақынның өзі күтпеген жайтқа тап болыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Тұрсынбаеваның сөзінше, шамамен 20 жыл бұрын Қарағандыға айтысқа бара жатқанда қызық жайт орын алған.

«Ұлым емізулі ол кезде, у-шуға үйренген ғой , қыңқ демей жата беретін. Әдеттегідей плацкартта қалың қазақтың ортсында шәй ішіп отырмыз. Арасында домбырамен ән салып қоямыз. Бүкіл вагон риза. Біреу шұжық, біреу қаймақ әкеліп, қып-қызыл кеш басталды. Бір кезде Шудан бір келіншек 2 баласымен мінді… Үлкені 6-7 де, кішісі 3-4 жас шамасы. Түрі шаршаған, сөмкесі ауыр. Жолсерік келіп құжатын сұрап еді, сөмкесін ақтарып кетті.

Терлеп-тепшіп сонша қопарғанда ештеңе таппады. Бәріміз сілтідей тынып қарап отырмыз. Сонымен құжат та, билет те жоқ болып шықты. Жолсеріктің амалы құрып түсіруге мәжбүр болды. Ал енді келіншек түссеші. «Құдай үшін мені түсірмеңіз, күйеуім қайтыс болып төркініме кетіп барам, жалынамын», – деп еңірей бастады.

Неге екені білмеймін, ол уақытта плацкартта тек қазақтар жүретін және өте ұйымшыл болатын. Бүкіл вагон шулап жолсерікке жалына бастадық. Лезде әжептеуір ақша да жиналып қалды. Сонымен айқай-шу ушығып, вагонның бастығы келді. Қасында 2 милиция. Келіншек күрсінген күйі түсуге ыңғайланды. Әлі есімде титтей қызы дыбысын шығармай ішінен жылап тұрды. Ернін тістеп алған, көзінде жас. Көңіл-күй быт-шыт боп кетті», – деп жазды Айнұр ханым Instagram желісінде.

Айтыскердің сөзінше, осы кезде вагонның бастығы оған тесіле қарап: «Сіз өткенде Мұхаммеджанды жеңіп кеткен Айнұр емессіз бе?» – деп сұрақ қойыпты.

«Ол кезде Мұxамеджанның аты аңызға айналып тұрған. Жеңу тіпті мүмкін емес! Негізі мен де қатты жеңіп кетпегем, бірақ қазылар емізулі баласы бар деп жүлдені маған бере салған. Сонымен бір айтыстың арқасында келіншек вагоннан түспеді. Ой керемет қуандық! Кеш одан да қатты қызды», – дейді ол.

Алайда арада 17 жыл өткеннен кейін күтпеген жайт орын алған. Бурабайға демалуға барған Тұрсынбаева сол жерден пойызда кезіккен бейтаныс әйелді кезіктіріп қалыпты.

«Былтыр бала шағаммен демалуға Бурабайдағы «RIXOS» қонақ үйіне барып 2 күн демалдық. Шамамен 150 мыңдай төлеуім керек болып кассаға барсам, қыздар «төленіп қойды» дейді. «Қалай сонда? Кім төледі?» – десем, белгісіз адамның есімін айтады. «Осындай нөмірде ол кісі, барып сұраңыз», -деген соң іздеп барсам, бөтен адамдар. Жөн сұрассақ, баяғы келіншек! Ал менің есіме түссеші. Сізді көрсем деп 17 жыл күттім ғой дейді», – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.

Айтуынша, бүгінде сол әйел үлкен туристік фирманың басшысы болып отыр екен. Екі қызын ұзатқан. Тұрмысқа шығып, тағы бір ұлды болыпты.

«Бұл өмір шынында ғажайыптарға толы ғой, тек байқай бермейміз», – дейді ақын.
24 қаңтар 2019 ж. 1 175 0