Мәдениет пен тарихи мұра Конституциялық қағидаттар деңгейінде бекітілмек
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының мүшелері ауданның мәдениет саласы өкілдерімен кездесті.Кездесуге аумақтық коалиция жетекшісі Ержан Әжікенов бастаған коалиция мүшелері Ақтөре Ибрагимұлы, Жанна Сәркеева, Жадыра Бағдатқызы, Нұржан Сейтжан қатысты. Жиында мәдениет саласының өкілдеріне референдум аясында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, жаңа Конституциядағы мәдени құндылықтарды ілгерілету мәселелерін жан-жақты талқылады.
Коалиция жетекшісі Ержан Әжікенов жаңартылған Ата заңда адами капиталға ерекше мән берілетінін, ал мәдениет пен тарихи мұра конституциялық қағидаттар деңгейінде бекітілетінін атап өтті.
Ержан Ертарғынұлы өз сөзінде Жаңа Конституция жобасының преамбуласында мәдени және адамгершілік құндылықтарға ерекше мәртебе берілгенін және алғаш рет Конституцияда мәдениет пен білім мемлекет құндылығының негізі ретінде бекітілгенін айтты.
Сондай-ақ коалиция өкілі Жанна Сәркеева Конституциялық деңгейде тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, зияткерлік меншікті қорғау және көркем шығармашылық еркіндігін қамтамасыз ету нормалары бекітілгенін айтып өтті.
Кездесуде мәдениет саласының өкілі Жеңісбек Төрәлиев мәдениет пен өнер саласы отансүйгіштік қасиетін, тарихқа құрметті және мемлекет болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыратынын атап өтті. Конституция алдағы ондаған жылдың даму бағытын айқындайды. Онда адамгершілік, руханият және мәдени мұра мәселелерінің бекітілуі мемлекеттің кемел әрі прогрессивті қоғамды жан-жақты дамытуға бағыт алғанын көрсетеді, – деді өз сөзінде.
15 наурызда мәдениет саласының қызметкерлері өз конституциялық құқығын жүзеге асырып, жаңа Ата заңға дауыс беретіндерін жеткізді.











