Денсаулық сақтау саласы өкілдеріне жаңа конституция жобасының мәні мен маңызы түсіндірілді
Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының жетекшісі Ержан Әжікенов бастаған коалиция мүшелері Алмас Есназар, Ақтөре Ибрагимұлы, Жанна Сәркеева денсаулық сақтау саласы өкілдерімен кездесіп, Конституциялық реформалардың басым бағыттарын жеткізді. Кездесуге Сырдария аудандық емханасының әкімшілігі, дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері мен сала мамандары қатысты.Кездесу барысында ааумақтық коалиция мүшелері Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістердің денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудегі рөлі, азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді күшейту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің тиімділігін арттырудың басым бағыттарын айтып өтті.
– Конституцияның жаңа жобасы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты жаңғыртуға бағытталған. Құжатта әр азаматтың денсаулығын қорғау және сапалы медициналық көмек алу құқығы негізгі әлеуметтік құқық ретінде нақты бекітіледі. Бұл өзгерістер медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, алдын алу шараларын күшейтуге және мемлекеттің халық денсаулығы үшін жауапкершілігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді коалиция мүшесі Жанна Сәркеева.
Жиынға қатысушылар Конституциялық реформалар аясында медициналық қызмет көрсету саласындағы жауапкершіліктің нақты айқындалуы, пациенттердің құқықтарын қорғау тетіктерінің жетілдірілуі және денсаулық сақтау жүйесіндегі ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған нормаларға ерекше назар аударды.
Талқылау барысында медицина қызметкерлері реформалардың халық денсаулығын нығайтуға, саладағы басқару тетіктерін жетілдіруге және медициналық ұйымдардың жұмыс сапасын арттыруға оң ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлер мен пациенттер арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайту Конституциялық өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі екені айтылды.











