Коалиция мүшелері мәдениет саласы өкілдерімен кездесті
Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының мүшелері ауданның мәдениет саласы өкілдерімен кездесті.Кездесуге коалиция мүшелері Сансызбай Сәдуақасов, Мұса Келдібаев, Шахарбек Нұрсейіт, Ақтөре Ибрагимұлы, Жадыра Бағдатқызы, Нұржан Сейтжан, Аружан Мұханбетқали қатысып, сала өкілдеріне жаңа Конституция жобасында көзделген негізгі бағыттар кеңінен түсіндірілді.
Кездесу барысында аумақтық коалиция мүшелері Конституциядағы жаңашыл бастамалардың елдің орнықты дамуына және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын, сондай-ақ әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін сақтау қоғамдағы жауапкершілікті күшейтетінін ерекше атап өтті.
– Коалиция жұмысының негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын аудан жұртшылығына жан-жақты түсіндіру, қоғамдық талқылауға мүмкіндік жасау және ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтарды ортақ іске жұмылдыру, – деді коалиция мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы.
Кездесу барысында конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары, олардың қоғам мен мемлекет дамуына әсері, сондай-ақ референдумға қатысудың маңыздылығы да айтылды.
– «Бүгінгі кездесу – әрқайсымыз үшін маңызды. Біз алдағы референдум арқылы Конституцияға енгізілетін өзгерістердің қоғам өміріне қалай әсер ететінін түсінуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік аламыз. Әр пікір, әр ұсыныс – біздің ортақ мақсатымызға, әділетті және тең қоғам құруға үлес қосады», – коалиция мүшесі Сансызбай Сәдуақасов.
Өз кезегінде жиынға қатысушылар мәдениет саласының елдің рухани дамуы мен бірегейлігін нығайтудағы рөліне ерекше тоқталып, жаңа Ата Заң жобасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен мәдени мұраны қорғауға бағытталған нормалардың маңызын атап өтті.










