Жалынды жастар – жайдарманда
Жайдарман ойынына әр жылдары Сырдария ауданынан әзілкеш жастар қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Өнерге бейім, әзілге жақын сырдариялық өрендер республикалық деңгейде топ жарып жүр. Жақында Астана қаласында өткен «Маусымашар – 2026» фестивалінде Сырдария ауданының жастары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Аталған фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық команда қатысып, өзара бақ сынады.Бірнеше күнге созылған Жайдарман ойындарына аудан әкімі Берік Сәрменбаев және «Абзал және К» ЖШС-нің негізін қалаушы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Жұмашұлының демеушілігімен Сырдария ауданынан «Sapa» және «Тереңөзек» командалары өнер көрсетті. Аудан намысын қорғаған қос команда жыл көлемінде жүзеге асатын өнер бәсекесіне жолдама алды. Яғни сырдариялық қос команда екі лигада өнер көрсетіп, жүлдегер қатарынан көрінуге ұмтылады.
Айта кетейік, қос команданы Астана қаласына аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Сейтжан бастап барды.
– Аудан жастары атынан қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Мұндай қолдау жас буынның шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың жаңа белестерді бағындыруына зор серпін береді. Біз жыл сайын аудан бойынша мектеп лигасын өткізіп, жайдарман ойынына жастарды шыңдаймыз. Астарлы ой мен тұщымды әзілге негізделген ойын өрнегін көрсету үшін жастарға қойылатын талап жоғары. Осыған дейін облыс, республика аумағында үздік атануға ұмтылып жүрген қос командадан күтетін үмітіміз мол, – деді Нұржан Жалғасбекұлы.
Әрине, әрбір ата-ана баласының додада оза шапқанын қалайды. Өнер мен білімді қатар алып жүрген «Тереңөзек» командасының ойыншысы Дамир Баржақсы елорда төрінде командаластарымен бірге аудан мерейін үстем етті. Бұл ретте Дамирдің анасы Айнұр Мархабаева фестивальға баруға қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы аналық алғысын жеткізді.
– Әрбір ата-ана жетістікке жеткен баласы үшін қуанады. Менің перзентім үнемі Жайдарман ойындарына қатысып, үздік болуға талпынып жүр. Өзім секілді барлық ана ұрпағының ойлы, дарынды, талантты болуын қалайды. Жігерлі жастарға айрықша қолдау көрсеткен аудан әкіміне, Қазақстанның Еңбек Ері атағының иесіне ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта қос команданың Астана қаласына барып, Жайдарман ойындарына қатысуына қаржы қаралғаны – қуанышты жағдай. Қашанда аудан жастарының мерейі үстем бола берсін, – деді Айнұр Мархабаева.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ










