Қағытпа қалжыңға құрылған ойын

Қағытпа қалжың мен жарасымды әзілге құрылған сайыста 8 команда өзара бәсекелестік танытты. Ауыл өмірінен, мектеп қабырғасынан, қоғамдағы сан түрлі жағдайдан әзіл құрастыра білген әрбір команда басты кубок үшін таласқа түсті. Негізінен, ойын көркін Бесарық, Нағи Ілиясов, Шаған, Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун, Тереңөзек, Жалағаш ауданынан келген командалар қыздырды. Жайдарман 2 кезеңнен тұрды. Ең алдымен, «Сәлемдесу» барысында мектеп оқушылары өз деңгейінде өнер көрсетіп шықты. Ал, «Жамбы атуда» ауыл жаңалығын әзілмен жеткізіп, команда топ басшылары бір-бірін сөзбен түйреп өтті.
– Қызықты ойын өрнегін көрсеткен командаларға қаржылай сыйлық тағайындадық. Сахнада жайдарман ойнау негізі күрделі саналады. Барлық көрерменді ұтымды әзілмен баурап алатын командалар үздіктер қатарынан табылды. Әсіресе, Жалағаш ауданынан келген талантты жастың болашағынан зор үміт күтеміз, – дейді Сәкен Сейфуллин ауылдық клубының меңгерушісі Дастан Палмахов.
Командалардың ойынына №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептің мұғалімі Өркен Арықов, С.Сейфуллин ауылдық клубының меңгерушісі Дастан Палмахов, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков, №137 орта мектептің мұғалімі Ләйла Қалыбай әділ қазылық жасады. Сайыс қорытындысы бойынша І орынды жалағаштық команда, ІІ орын Сәкен Сейфуллин құрамасы, ІІІ бесарықтық өрендер жеңіп алды.
«Тт» ақпарат