Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық Жайдарман лигасына жолдама ұтып алды

Республикалық Жайдарман лигасына жолдама ұтып алды

Елордамыз Астана қаласында биыл алғаш рет мектеп оқушыларына бөлек Жайдарман ойындарының 2024 жылғы маусымының ашылуына орай «Маусымашар – 2024» респуб­ликалық фестивалі өткен болатын. Фестивальде барлығы 82 команда бақ сынады. Ойынға республиканың түкпір-түкпірінен келген мықты командалар қатысып, тартысты ойын көрсетті. Ауданымыздың намысын қорғаған «Тереңөзек жастары» КВН командасы «Jaidarman junior» ойынында үздік ойын көрсетіп, Алматы қаласында өтетін кезекті жайдарман лигасының 1/8 ойындарына жолдама ұтып алды.

Бүгінде жастардың бірден-бір шығарма­шылық ортасы – Жайдарман. Әзілқойлар мен тапқырлар сайысы қазіргі жастардың сүйіп көретін әзіл алаңына айналды. Ауданда «Жайдарман лигасы» бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Мақсаты – жас­тар мен жасөспірімдердің жеке тұлға ретін­де қалыптасуына, ортада өзін-өзі жақсы ұстау­ға тәрбиелеу мен талантты жастардың шығармашылығын шыңдап, қолдау көрсету. Ойын барысында тек арзан күлкі мен әзіл ғана емес, қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер­ әзіл ретінде астарлы жеткізіліп жатады. Қуанышымызға орай ауданымызда жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген шығармашыл жалынды жастарымыз көбейіп, аудан намысын қорғайтын білікті командалар қатары толысып келеді.

Аудан намысын қорғаған «Тереңөзек жас­тары» КВН командасының құрамы толықтай №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің оқушыларынан құралған. Осы уақытқа дейін әзіл әлемінің өрендері әркез қарқынды ізденіс пен жан-жақтылықтың арқасында ауданда жақсы нәтиже көрсетіп, чемпион атанып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, топ жарып келеді. Сонымен қоса, үздік командалар арасында өткен облыстық «Бастау» лигасында сәтті өнер көрсетіп, соның нәтижесінде республикалық деңгейге жетіп отыр.

Қуанышты жаңалықпен оралған таланты оқушылардың ата-аналары балаларының жетіс­тігіне қуанып, әркез қолдау білдіріп, тілекші екенін білдірді. Ата-аналар мектеп әкімшілігімен бірлесіп, жеңіспен оралған оқушы­­лар­ды қуанту мақсатында арнайы сый­лық­тарымен, шат-шадыман көңіл-күймен күтіп алды.

– Осы тұста талантты жастарға қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқан аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы мен демеуші болған Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Жұмашұлына аудан жастары атынан өз алғысымызды білдіреміз, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Нұржан Сейтжан.

– Жайдарман сайыстарына деген оқушы­лардың ынтасы жоғары. Біз жас талапты қолдауға тырысамыз. Осы ретте әркез жана­шырлық танытатын мектеп директоры Света Мұқтарқызы бастаған мектеп әкімшілігіне және ата-аналарға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Оқушыларымыздың әрбір бас­тамасы сәтті болып, биіктен көріне берсін, – деді команда жетекшісі Өркен Алдабергенұлы.

Өз кезегінде өнерлі жастарды жеңіс­терімен шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы уақытта тек биік белестерден көрініп, аудан намысын қорғап, жоғары деңгейге жете беруіне тілек­теспіз. Командаға Алматы қаласында өтетін кезекті ойында сәттілік тілеп, жеңіспен оралуы­на тілектестік білдіреміз.

Алтынай Қайратқызы
10 ақпан 2024 ж. 209 0