Сырдария – татулық пен достықтың мекені
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өзге ұлт өкілдерімен аудандық форум өткізілді. Форумға облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Бақытжан Камалов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, зиялы қауым өкілдері мен этнос өкілдері қатысты.Салтанатты іс-шарада аудан басшысы елдегі достық пейіл мен бауырмалдық – бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық екенін атап өтті.
– Биыл еліміз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуын атап өтуде. Бұл дата – ел бірлігі мен татулығын басты құндылық ретінде ұстанған мемлекетіміздің тарихындағы маңызды белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты 33 сессиясында барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін атап өтті. Елімізде ұлттардың тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде экономикамыз өркендеп, ілгері басып келетінін жеткізді. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» дегендей, ауданда бүгінде этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, егемендікті баянды, Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында еңбек етуде. Этнос өкілдері аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді. Ауданда этносаралық қатынастарды үйлестіріп, ұлттардың тілі мен дәстүрін ұлықтауды мақсат еткен арнайы бірлестіктер жұмысы жолға қойылған. Сіздердің ауданда өткізіліп жатқан барлық іс-шараларда белсенді екендеріңізді көріп жүрміз. Облыстық іс-шараларда да аудан намысын қорғап, жақсы жетістіктерге жетіп келесіздер. Жақында ғана облыстық «Достық» үйінде өткен облыстық «Ассамблея аруы – 2025» сұлулық байқауында бас жүлдені жерлесіміз, славяне этносының белсендісі Лидия Мясцова жеңіп алды. Бұл баршамыз үшін қуаныш, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Б.Камалов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев сөз сөйлеп, елдегі бейбітшілік пен татулық егемендіктің мызғымас кепілі екенін айтты.
Форумда аудан басшысы татулық пен достықтың сақталуына үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдерін «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Өз кезегінде этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде дархан пейіл танытып, қамқорлық көрсеткен қазақ халқына алғыстары зор екенін жеткізді.
Айта кетейік, форум барысында этнос өкілдері ұлттық дәстүрлері мен ұлттық тағамдарынан көрме көрсетті.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі











