Алғыс жауған шуақты күн

Ең алдымен, аудан басшысы мен жиналған қонақтар «Руханият орталығындағы» музейді аралады және қоғамдық келісім этнос өкілдерінің көрмесімен танысты. Аудан әкімі көпшілікті Алғыс айту күнімен құттықтады.
– Қасиетті Рамазан айы – мұсылман жұртына ортақ мереке. Бұл – бірлік пен береке, кешірім мен мейірім айы. Бұл ай иманды күшейтіп, азаматтарымызды қайырымды іс жасауға, жақынына көмектесіп, мұқтаждарға қол ұшын беруге жігерлендіреді. Дана халқымыздың «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген сөзінен татулық, ынтымақ ұғымдарын құрметтеудің үлгісін көреміз. Сондықтан осы айда ауызбірлігімізді танытып, көптеген қайырымды істерді жасап, сауапты істерге атсалысайық. Қасиетті аймен қатар келген Алғыс айту күні – Қазақстан халқының бір-біріне деген құрметі мен ризашылығын білдіретін, ортақ тарихымызға тағзым ететін ерекше мейрам. Бұл күн бізді бірлікке, достыққа, өзара құрметке шақырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алғыс айту күнін татулық, ынтымақ, достық секілді құндылықтар жан-жақты дәріптеліп, бірлігімізді бекемдей түсетінін атап көрсетті. Президентіміз елдегі тұрақтылықты, ұлттар мен этностар арасындағы бірлік пен татулықты сақтауға бағытталған жұмыстарды үнемі назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан этнос өкілдерінің отандастарымызға және туған өлкеге деген кіршіксіз алғыс сезімі бұл мерекеге ерекше терең мағына береді. Атаулы күннің 1 наурыз болып таңдалуы да ерекше мәнге ие. Себебі, бұл күн Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келеді. Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Негізінен, мерекелік іс-шара еркін форматта өтіп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Ұлмекен Жанәлиева, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов жылы лебіздерін жеткізді. Ассамблея мүшелері де өз сөздерінде ұлттар мен ұлыстардың арасындағы достық пен ынтымақтың маңызын атап, қиын кездерде құшақ жая қарсы алған қазақ халқына шынайы алғыстарын айтты.
Іс-шара барысында ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сырдариялық аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мерекеге орай аудан көркемөнерпаздары мен этнос өкілдері әннен шашу шашты.
«Тт» ақпарат