Белгілі айтыскер Сара Тоқтамысова фильмдер мен бейнебаяндарда жігітпен аймаласудан ұялмайтын қыздарды сынап тастады
Белгілі айтыскер Сара Тоқтамысова фильмдер мен бейнебаяндарда өздерін ашық ұстап, ер адамдармен қарым-қатынаста тым жақын болудан ұялмайтын қыздарды сынап тастады. Кәдімгі қазақша сайрап тұрған қазақтың қызы үшін қысыласың, дейді айтыскер, деп жазады Stan.kz.
Сара Тоқтамысованың айтуынша, ол қазақ қыздарының бейнебаяндар мен фильмдерде жігіттермен ашық аймаласудан қымсынбайтынына қынжылады екен.«Бүгін теледидардан бір клипті көзім шалып қалды. Қазақи ортада өскен, қазақтың қызы әр бейнебаянда, әр кинода әртүрлі еркекпен біресе жабысып, біресе аймаласып түсе береді.. Жо-жоқ ,жай бір ишара танытып құшақтасқандай болып түсіп жатса мейлі. Кәдімгідей жабысып,өзің ұяласың тіпті… Басқаша тәрбиеленген жан болса, мейлі ғой. Еее, орта ғой дейсің. Кәдімгі қазақша сайрап тұрған қазақтың қызы үшін қысыласың. Сосын ойлап қоямын,мынаны көрген әке-шешесі: «Міне менің қызым өнерлі», – деп кеудесін көтеріп ,мақтанып отырар ма екен? Әлде «осындайға жолап не керегі бар?» – деп, сәл де болса кейіс танытар ма екен…
Мүмкін біз басқаша ойлаймыз ба? Дәл менің әкем көрсе сондай өнерімді, тіпті қандай күйге түсерін елестету қиын… Жоқ деймін, кейін жылдар өтеді, күндер өтеді. Ол кино, бейнебаян дегенің бәрі арxив қой. Сақталып қалады дегендей… Сонда күйеуімен, бала-шағасымен еш қысылмай әр жерде әркіммен жабысып тұрғанын міз бақпай көріп отыра берер ме екен деп ойланып қоямын.. Әлде ондай көріністерге көзімізде,көңілімізде үйреніп бара ма қалай? Бір кем дүние…», – деп жазды Сара Тоқтамысова Instagram-парақшасында.