Ауыл мәдениеті мен өнерінің ордасы
Жетікөл ауылының тарихы тереңде. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін 1946 жылдың күз айында Маңабай көлінің жағасына №10 еңбекпен түзеу колониясы көшіп келген. 1949 жылы құрылыс қарқын алып, көктем шыға жаңа үйлер бой көтеріп, клуб, монша салынып халыққа қызметін бастаған. 1957 жылдың күзінде колония Қызылорда қаласына көшіріліп, желтоқсан айынан бастап облыстық атқару комитетінің сауын фермасы болып ашылады. Колониядан қалған клуб ғимараты тозығы жетіп, 1992 жылдары бұзылып кетеді.
– Бала күнімізде ауылдағы клубтан Дахир Наурызбаев дыбыс күшейткішпен «Бүгін совхоздың клубында екі сериялы үнді фильмі болады, келіп, тамашалаңыздар» деп хабарландыру айтып жататын. Ауылдың тіршілігі белгілі сол кезде кешке дейін шаруашылықтың жұмысында жүрсе де, кешке киноға барып апаларымыз ағыл-тегіл жылап отырып, кино көріп, түрлі мәдени іс-шараларға қатысуға уақыт табатын. Жастайымыздан өнерге құштар болып, 1996 жылы №174 орта мектебін бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде «Музыка және ән айту» мамандығы бойынша білім алып, 2000 жылы тәмамдадым. 2000 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге кеттім. 2001 жылы сол кездегі облыс әкімінің қолдауымен 1982 жылы салынған шаруашылықтың балабақша ғимаратын ауылдық клубқа лайықтандырып, жөндеу жұмысын жүргізіп, ашып берді. Ауылдық клубтың меңгерушісі Нұржамал Сәрсенбаева болды. Ауыл көркемөнерпаздарынан ойын-сауық концертін ұйымдастырып, көрші ауылдарға гастрольдік сапармен өнер көрсетті, – дейді ауылдық клуб меңгерушісі, жыршы-термеші Алмат Өтеуов.
Жетікөл ауылдық клубында 7 штат бірлікпен 9 қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында әдіскер Ерлан Білманов, мәдени ұйымдастырушы, көркемсөз оқу үйірмесінің шебері Құндызай Бажиева халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді.
Биыл ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ибрагим Исаевтың туғанына 75 жыл толуына орай «Елге сапар» атты аудандық әншілер байқауы өткізілген. Байқауға 9 талапкер қатысып, қазылар алқасының төрайымы, сазгер, облыстық халық шығармашылығын дамыту продюсерлік орталығының мәдени қызметкері, мәдениет қайраткері Алтын Бекенова бастаған қазылар алқасы бас жүлдені Қоғалыкөл ауылынан қатысқан Қайрат Сәтбаевқа берсе, бірінші орынға жетікөлдік Дана Райқанқызын лайық деп таныды. Айту керек, әншілер ақын әндерін халыққа кеңінен насихаттады.
– Мүмкіндігінше осы елге еңбегі сіңген ел ағаларының еңбек жолын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде «Еңбегі елге сіңген ел ағалары» атты еңбек ардагерлермен кездесу кешін өткізіп келеміз. Іс-шараға тыл ардагері Ералы Бұрханов, ардагер-ұстаз Әзімхан Жүнісов, Зұлыпһар Бердібеков, Отан Сағындықов, совхоз директоры қызметін атқарған Жарылқасын Камалов шақырылды. Ардагерлердің еңбек жолы насихатталып, құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар Сыр сүлейі Омар Шораяқұлының туғанына 145 жыл толуына орай «Сөйле, тілім жосылып» атты аудандық термешілер байқауы болып өтті. Байқауда Омар Шораяқұлының шығармасынан бір шығарма орындау және Сыр сүлейлерінің бір шығармасын орындау шарты қойылды. Қатысушы талапкерлердің арасында өзім де болып, Омар Шораяқұлының бай мұрасын көрерменге ұсына білдік. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз, – дейді ауылдық клубтың меңгерушісі.
Ауылдық клубта ән, көркем сөз, жыр-терме үйірмесі жұмыс жасаса, 2022 жылдан бері «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының қолдауымен «Эстрадалық вокал» және «Ұлттық би» үйірмесі ауыл балаларының өнерге бет бұруына өз үлесін қосып жұмыс атқаруда. Үйірме өнерпаздары халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауларда топ жаруда.
Биыл ақпан айынан бастап «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы аясында 7 бағыт бойынша түрлі мәдени іс-шаралар өткізуді қолға алған. «Менің атым – Қожа», «Балуан Шолақ», «Тақиялы періште», «Қыз Жібек» секілді қазақтың құнды дүниелері көрсетіліп, насихатталған.
– Алға қойған мақсатымыз – халыққа мәдени қызмет көрсету. «Сыр-сұхбат» бағдарламасы аясында ауылдан түлеп ұшқан, елге белгілі тұлғалар, ақын, журналист «Жыр жауһарындай Жетікөл» кітабының авторы жерлесіміз Кенжалы Ерімбетов ағамызбен кездесу кешін өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді А.Өтеуов.
Ауыл мәдениетін, өнерін алға сүйреп келе жатқан клубтың жетістіктеріне тоқталсақ, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының қолдауымен ашылған «Ұлттық би» үйірмесі – жетекшісі Шапағат Жарқынбек «Нұр-Шапағат» би тобын құрып, бірқатар байқауға қатысқан. Үйірме жетекшісінің тынымсыз еңбегінің арқасында биыл облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауынан ІІІ орынды иеленген. «Эстрадалық вокал» үйірмесінің мүшелері Дарын Дахир, Тахмина Жиенбай, Раяна Жиенбай, ӘбуДәуіт Мырзахмет, Бағдәулет Нақыпбек республикалық, облыстық, аудандық байқауларда топ жарып жүр.
Жетікөл ауылдық клубы жанынан ашылған көркемсөз үйірмесі 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында үйірме өнерпаздары көптеген жетістікке қол жеткізді. Атап айтар болсақ, үйірме өнерпазы Сандуғаш Нұрланқызы «Абай, Мұқағали және Махамбет» оқулары атты республикалық байқауға қатысып, бас жүлдемен марапатталды. Сандуғаш «Бозторғай» балалар шығармашылық байқауында да көркемсөз жанры бойынша қатысып, бас жүлдемен марапатталды. Үйірме өнерпазы Жарылқасын Шариф те республикалық М.Мақатаев жырларын жатқа оқудан «Мұқағали жырлары» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқауда бірінші орын алды. Өнерпаз XXIII облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылық байқауында «Актерлық шеберлік» жанры бойынша өнер көрсетіп, бас жүлдені иеленді. Өткен жылы Алматы қаласында өткен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп орындаудан «Жапырақ жүрек» атты балалар мен жасөпірімдерге арналған өнер байқауында «Көркем сөз» үйірмесінің өнерпаздары Аяулым Уалихан, Нұрасыл Уалихан көркемсөз жанры бойынша өнер көрсетіп, І орынмен марапатталды.
Таланттардың түлеп ұшқан алтын бесігіне айналған ауылдық клуб – қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттап келеді. Мәдениет ошағында түрлі іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарымыздың негізі осылайша қалануда.
Бибісара ЖАНӘЛІ