Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр мақтанышы – «Сырдария» квартетімен сыр-сұхбат

Сыр мақтанышы – «Сырдария» квартетімен сыр-сұхбат

Биылғы жылдан бас­­­­т­ап ау­дан­дық мәдениет үйінде өзгеше, тың форматтағы «Сұхбат ТІМЕ» жобасы бастау алған болатын. Осыған сәйкес, жақында Сырдария аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Сұхбат ТІМЕ» жобасы аясындағы сұхбаттың кезекті қонағы облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы «Сырдария» квартетінің мүшелерімен сыр-сұхбат өтті. «Сұхбат TIME» жобасының басты мақсаты – ауданға белгілі түрлі саладағы білікті мамандар мен танымал тұлғалардың еңбегін, өмір жолын халыққа, бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау болып табылады.

Сыр мәдениетін өркендету жолында өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастыра білген, ерекше дауыс­ты жігіттерден құралған «Сырдария» квартетін тек аудан көлемінде ғана емес, республикалық концерт­терде де өнер көрсетіп жүргенін жақсы білеміз. Бүгінде дүйім жұртқа белгілі, өнер әлемінде бір үйдің баласындай өнер көрсетіп келе жатқан «Сырдария» квартетіне – 10 жыл. Аудандағы мерекелік іс-шара, әрбір концерт квартет жігіттерінің қатыс­уынсыз өтпейді десек артық айт­қандық емес. Ауданымыздың мақта­ны­шына айналған квартет мүшелері бү­гінде эстрада жұлдыз­дарымен бір сахнада өнер көрсетіп, түрлі телевизиялық жобаларға қатысып жүр.

Көңілді кеш өте өзгеше әрі қызықты басталды. Олай деуге себеп кеш жүргізушісі Толғанай Мұратқызы жиналған көрермен қауымға белгілі-бір себептерге байланысты квартет жігіттерінің аяқ-асты сұхбатқа келе алмайтындығын жеткізіп, «алдау операциясын» ұйымдастырды. Алдымен жігіттермен сұхбатқа тікелей эфир арқылы байланысқа шығып, артынша студия төріне шақырғанда жүргізушінің сөзіне қатты сеніп қалған көрермен қауым таңғалып қалды. Ең алдымен, кеш жүргізушісі «Сырдария» квартетін 10 жылдық мерейтойымен құттықтады. Одан кейін арнайы дайындалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Көрсетілген бейне­роликке байланысты жүргізуші тарапынан сұхбат қонақтарына бала күнгі қызығушылықтары, сахнаға алғаш шыққан кездері туралы сұрақтар қойылды.

Өз кезегінде «Сырдария» кварте­ті­нің мүшелері өмірбаяндарын та­ныс­­­­­­­тырып, құрыл­ға­­­­­­нына 10 жыл болған топтың шы­­­ғар­машылық тарихы жө­нінде баян­дады. Көрермен қауым «Сыр­дария» квартетін жаңа қырынан танып, қойыл­ған сұрақтарға бер­ген мазмұнды жауаптарына риза болды.
Сұхбат барысында «Сырдария» квартетіндегі ағаларының жолын қуған ізбасарлары Дінмұхамед, Аян, Мерлан, Ғазиз атты әнші балақайлар ән айтып, өнерлерін көрсетті. Одан бөлек сұхбат барысында сергіту ойыны ойнатылды. «Сұраққа тез жауап» айдары бойынша «Кім топта үнемі кешігіп жүреді?», «Кім тамақты көп жейді?», «Кім сырды сақтай алмайды?», «Кім сәнқой?», «Кімнің тәбеті өте жақсы?», «Кім әзілге жақын?» секілді түрлі сұрақтар қойылды. Кеш қонақтары тұщымды әрі тез жауап беріп, көрермен квартет жігіттері туралы тың мағлұматтармен танысты. Сонымен қоса квартет жігіттерінің жақында ғана түсірілген бейнебаяны көрсетіліп, «Еркін микрофон» айдары бойынша көрермендер тарапынан сұрақтар қойылды. Бұдан бөлек кештің көңілді өтуі үшін ұйымдастырылған ойындар ойнатылып, сұхбаттың басты қонағы квартет жігіттері әсем ән шырқап, көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлады. Ерекше жоба аясындағы сұхбат соңы ақжаулықты аналардың алғысымен, ар­дақты қариялардың жігіттерге ай­тылған жылы лебіздерімен қорытындыланды.

– Жергілікті өнерпаз­дарды қол­дау, олардың шығармашылығын наси­хаттау – ортақ міндетіміз. «Адал адам» мәдени-тәрбие орта­лығы тұжырымдамасының «Сұхбат ТІМЕ» жобасы аясында алдағы уақыт­та да түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырамыз. «Сырдария» квартетінің жігіттеріне біз­дің шақыруымызды қабыл алып, көрер­менмен кездесуге келгені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Облыс­қа, республикаға танылған жігіттердің шығармашылық жетіс­тікке жетуіне тілектеспіз, – деп қоры­тындылады кеш жүргізушісі Толғанай Мұратқызы.

Алтынай Қайратқызы

30 сәуір 2024 ж. 145 0