Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Үздік квартет

Ауданмен аттас «Сырдария» квартетінің өнер әлеміндегі орны бөлек. Бүгінде оларды ел жұртшылығы таниды. Өнерлі жігіттер тек өңір көлемінде ғана емес, республикалық концерттерде өнер көр­сетіп, шығармашылық шыңдалу үстінде. Квартет құрамы жақында ға­на телевизиялық жобаға арнайы шақыртумен қаты­сып, «Үздік квартет» атанды.

Осыдан 9 жыл бұрын квартет ретінде өнер­ге қадам басқан жігіттер соңғы жылдары республикалық ауқымды іс-шараларда өнер көрсе­тіп жүр. Тыңдарманның құлақ құры­­шын қандыратын әндерді әуелетіп, көп­шілік ықыласына бөленіп келеді. Жақын­да ғана «Zhuldyz TV» және «MuzLife» теле­ар­наларының «Жыл таңдауы» концертіне қатысып, өнер ұжымының мерейі үстем болды. Айта кететіні, осы жылдың наурыз айында «Сырдария» квартеті аталған фестивальға алғаш рет қатысқан болатын. Ол кезде аудан өнерпаздары сазгер Аман Сандыбайдың «Уа, дариға» әнінің тұсауын кесіп, «Үздік квартет» номинациясын иеленген еді. Бұл жолы да телевизиялық жобаға арнайы шақыртумен барып, Қазақстанның өнер жұлдыздары қа­тыс­қан концертте ән шырқады.

– Біз бұл жолы қармақшылық ақын, сазгер Көп­тілеу Қосбармақовтың «Нұрсал қыз» әнін алғаш рет сахнада орындадық. Алма­­тыдағы студенттер сарайында өткен өнер ке­шіне көптеген жұлдыздар, еліміздің түк­пір-түкпірінен өнерлі ұжымдар қатысты. Солардың қатарында жаңа туындыны көрерменге тарту еттік. «Zhuldyz TV» және «MuzLife» тележобасына екінші рет қатысып та «Үздік квартет» номинациясымен марапатталдық. Бұл – біздің өнер әлеміндегі жарқын жетістіктеріміздің бі­рі, – дейді квартет мүшесі Әзиз Садықов.

Алатау бөктеріне сапарлаған өнерлі топ «Бір болайық» бағдарламасына арнайы қо­нақ болып, «Сен кеткен соң» әнін шыр­қады. Ал бұған дейін, яғни 2018 жылы олар «Қазақ­стан» ұлттық арнасында «Таңшол­пан» бағ­дарламасында және «Алматы ТВ» телеар­на­сы­ның «Таңғы студия» бағдарлама­сында арнайы сұхбат беріп, өнер көрсеткен.

Өнер ұжымының қалыптасуына мәдениет саласының ардагері Баян Сүюбаева, аудан­дық мәдениет үйінің директоры Нұрхан Көшер­баевтың еңбегі зор. Сондықтан квартет құрамы қолдау көрсеткен жандарға әр­кез алғысын айтып жүреді. Қазіргі таңда Н.Кө­шер­баев оларға продюсерлік көмек көр­сетіп келеді.

– «Сырдария» квартеті алғаш сахнаға ха­лықаралық әйелдер күні мерекесінде өнер көрсеткен еді. Оның құрамында талантты әншілер Дархан Разақов, Әзиз Садықов, Дастан Палмахов, Нұрбол Тұранов өнер көр­сетеді. Бүгінде олар шығармашылық жолда шыңдалып, топтың 15-тен аса авторлық әні бар. Сонымен бірге өңірдегі іс-шараларда халық әндерін, патриоттық шығармаларды орындайды. Ерекше дауыстағы жігіттерді бү­гінде ел жұртшылығы танып үлгірді. Өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастырды десем артық айтқандық емес. Алдағы уақытта да шығармашылық шыңдалуына қолдау көрсе­теміз, – дейді аудандық мәдениет үйінің директоры Н.Көшербаев.

Айта кететіні, өзіндік орнын қалыптас­тырған ұжымға аудан әкімдігі тарапынан зор қолдау бар. Сондай-ақ кәсіпкерлер Мақсұт Әбілдаев пен Жеңісбек Сыздықов та оларға демеу көрсетіп келеді.

Жалпы, квартет ұжымы алдағы уақытқа ауқымды жұмыстарды жоспарлаған. Оның ішін­де, келер жылы топтың құрылғанына 10 жыл толады. Соған байланысты шығарма­шылық кеш өткізуді осы кезден жоспарлаған. Осының аясында үлкен сах­наларда өнер көр­сетіп, репертуарларын авторлық әндермен толықтыруда.

Аудандағы мерекелік іс-шаралар «Сырдария» квартетінің қатысуынсыз өтпейді десек, өнерлі ұжымның шығармашылығына табыс тілейміз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
13 желтоқсан 2022 ж. 510 0