Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сұхбат Тіме» төрінде – жас ақын

«Сұхбат Тіме» төрінде – жас ақын

Аудандық мәдениет үйінде ерекше, тың форматтағы «Сұхбат ТІМЕ» жобасы бастау алды. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталы­ғы аясында қолға алынған сұхбат алаңының алғашқы қонағы жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналис­тер одағының мүшесі, аудандық газеттің бас редакторы, депутат Ақтөре Ибрагимұлы болды.

Үлкен залға жиналған қаумалаған көрерменнің көптігінен халықтың өлең-жырға, ақынға деген құрметі ерекше сезіліп тұрды. Бұл күні ауданда бірнеше жиналыс қатар өткізілсе де ақынмен жүздесу үшін мәдениет үйіне келген жұртшылықтың қарасы қалың болды. Сұхбаттың негізгі мақсаты – ауданға белгілі түрлі саладағы білікті мамандар мен танымал тұлғалардың еңбегін, өмір жолын халыққа, бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау.

Ең алдымен құрметті қонақтарды айтыс­кер ақын Мұхамеджан Мансұров ақынға арнаған жырымен күтіп алды. Одан кейін мәдениет үйі жанынан құрылған халық театры­ның режиссері Дәулет Асанов өлең оқып, көрермен ықыласына бөленді. Келген қонақтар жас ақынның марапаттарымен, кітаптарымен, осы күнге дейін жеткен жетістіктерімен көрме арқылы таныс­ты. Одан кейін сұхбаттың негізгі бөлімі бас­талып, бағдарламаны Толғанай Мұратқызы жүргізді.

Сұхбат басында жас ақынның өмір­баяны, еңбек жолы жөнінде дайындалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Одан кейін жүргізушінің сұрақтары мен ақынның жауабына негізделген еркін фор­матқа жалғасты. Көп­шілік бұл жолы сұхбаттасу жобасының кейіпкерін жаңа қырынан танып, тосыннан қойылған сұрақтарға берген мазмұнды жа­уабына риза болды. Осы ретте «Сұхбат ТІМЕ» жобасының бейресми еркін форматта өткізілгенін айтып өткеніміз жөн. Жүргізуші тарапынан бағдарлама кейіпкеріне балалық шағы, студенттік кезеңі, шығармашылық жұмы­сына негізделген сұрақтар қойылды.

– Өлең жазу, қара сөз бен өлең сөзге құмарлық нағашыларымнан дарыған қасиет. Ең алғашқы өлеңімді 2 сыныпта жазғаным есімде. Қазір оның бәрі балалық шақтың естелігі болып қалды. Оқушы кезімде ұстазым менің өлеңдерімді жинақтап, бір-біріне жапсырып, қолдан кішкентай кітапша жасап берген болатын. Соның өзі маған үлкен күш беріп, оны ата-анамның кітап сөресіне қойып қойғаны әлі есімде. Міне, балалық арман бұл күнде шындыққа айналып, мыңдаған оқырманы бар бірнеше кітаптың авторы болған жайы­мыз бар. Бұның бәрі сол кішкентай кезден бала арманға балта шаппай, қиялыма қанат бітірген ата-анамның, ұстаздарымның арқасы. Бүгінгі сұхбат әрі шығармашылық кешке арнайы уақыт бөліп, тілекші болып келіп отырған баршаңызға алғысым шексіз, – деді А.Ибрагимұлы.

Іс-шара барысында ұйымдастырылған «Жақыныңызға телефон шалыңыз» ойыны көпшіліктің көңілін көтерді. Одан кейін жас ақынның сөзіне жазылған «Жүрегімнің жүрегісің», «Жаз дидарлы жан екенсің» әнін Нұрбол Тұранов пен Динара Жакешова және Аяулым Бекболатова шырқады. Мектеп оқушылары ақын ағаларының өлеңін шабыттана жатқа оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бағдарлама соңында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қазақ­стан Жазушылар одағының Қызыл­орда об­лыс­тық филиалының директоры, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Қаршыға Есімсейтова сөз сөйлеп, ақынға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекованың «Алғыс хатын» табыстады. Одан кейін сөз кезегі «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегеновке, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаеваға, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновке берілді. Тың бастама, ерекше жоба аясындағы іс-шара ақжаулықты аналардың алғысымен, ардақты қариялардың жас ақынға ақ жол, бата-тілек арнауымен қорытындыланды.

Іс-шарадан кейін редакцияға аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері өз лебіздерін жазбаша да, ауызша да жолдап, тілектестік ниеттерін білдірді. Көп тілектің бірі бізді ерекше әсерге бөлеп, білім саласының ардагері С.Шамшадинованың пікірінен үзінді жариялауды жөн көрдік. Ардагер өзінің жылы лебізіне «Шапағаты мол шығармашылық кеш» деп тақырып қойыпты.

– Дана халқымызда «Адамның адамгер­шілігі – адамның еңбегін бағалауда» деген сөз бар. Осындай қанатты сөздің мағынасына ұстаз ретінде терең бойлап, жанымыздағы лайықты азаматтардың еңбегінің орынды бағаланып жатқанына қуанамын. Төрт жылда бір келетін кібісе жылында керемет кештің куәгері болдық. Жас ақын, өзім еңбек еткен №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектептің түлегі А.Ибрагимұлымен ұйымдастырылған сұхбаттан ерекше әсер алдым. Адамды бір қырынан ғана тану дұрыс емес. Осы кеште көпшілік көрермен жас ақынды бірнеше қырынан танып, білді десем қателеспеймін. Ұйымдастырушыларға аналық алғысымды айтамын. Ал шығармашыл азаматқа шын көңіліммен сәттілік пен абырой тілеймін, – деп пікірін жазып әкеліпті еңбек ардагері Сұлупан Шамшадинова.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
02 наурыз 2024 ж. 283 0