Даңғайыр диқанды жырға қосты
Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінде Социалистік Еңбек Ері, «Шіркейлі» шаруашылығының атақты күрішшісі, Социалистік Еңбек Ері, Балдырған Мұстапаеваның туғанына 85 жыл толуына орай «Еңбекпен даңқы өрлеген» тақырыбында облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Облыстық маржан сөз иелерінің бәсекесіне халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің өкілі Қаршыға Есімсейітова, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Бәйдәулетов, «Еңбек даңқы» орденінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Бексұлу Синаева, Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құламқадіров, кеш қонақтары мен аудан тұрғындары қатысты. Облыс көлеміндегі Қызылорда қаласы мен бірнеше ауданнан 9 ақын бақ сынаған мүшәйраны аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев ашып, даңғайыр диқанның өмір жолына тоқталды.
– Адал еңбегімен елге танылған Балдырған Мұстапаеваның есімі мәңгілік жаңғыра бермек. Өткен ғасырдың белесінде ауыл шаруашылығы саласында қажыр-қайратын көрсете білген аяулы ана ер азаматқа тән болмысымен даралана білді. Ризық-несібесін жерден терген, қамбасы астыққа толған жанның өмір жолы қиындыққа толы болды. Жастайынан ерінен айырылып, перзенттерін өсіріп жеткізді. Облыс халқына есімі белгілі ардақты жан қарапайымдылық қасиетімен көптің арасында ерекшелене білді. Оның өнегелі ісін жырға қосатын талапкер ақындарға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
«Ауызымен құс тістеген» ақындар негізгі екі кезең бойынша шеберлік байқасты. Олардың қатарында, қызылордалық Бексұлтан Санақұл мен Қуаныш Мырзабаева қазалылық Қанат Сырлыбай, қармақшылық Бекқанат Смайылұлы, жалағаштық Нұрхан Қарабалаев, аралдық Айда Мырзабекова , сырдариялық Бақтөре Айтбаев, Биболат Опабеков, Ақәділ Талапбеков бар. Бірінші кезеңде ақындар Балдырған Мұстапаеваның өмір жолы мен еңбегін жырға қосса, екінші кезеңде ана тақырыбында өлең оқыды. Қазылар алқасының шешімімен ақындар табан астында «Сахна» тақырыбында өлең шумақтарын құрады. Өз кезегінде әділ қазылар алқасының төрайымы Қаршыға Есімсейітова мен ақын Мамыр Бәйдәулетов әрбір талапкердің өлең құраудағы мүмкіншілігін, қабілет-қарымын, деңгейін жан-жақты саралады.
– Бүгін сахна төрінде жеңіс үшін ұмтылған кез келген ақынның поэзияда алатын орны біршама қалыптасып келе жатқанын аңғардық. Әрине, өлең құрауда жан-жақты ізденіс, толғаныс, білім керек. Балдырған апамыздың жүріп өткен жолын жырға арқау еткен ақындар диқанның бел жазбай еңбек еткенін, талай мәрте жеңімпаз атанғанын, аналық образын аша білді. Жыр додасында қапелімде өлең құраған жастардың аяқ алысы бағамдалды. Соған байланысты лайықты бағасын ала білді, – деді қазылар алқасының төрайымы.
Жазба ақындар мүшәйрасында еңбек ардагері Зылиха Сыздықова, Бексұлу Синаева, мәдениет саласының майталманы Нұржамал Жүзбаева, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Мағрипа Жүсіпбекова сөз сөйлеп, әзиз ана туралы естелігімен бөлісті. Жыр додасының қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды сырдариялық Бақтөре Айтбаев пен аралдық Айда Мырзабекова иеленді. Ал ІІ орынды Шіркейлі ауылының жас өрені Биболат Опабеков еншілесе, І орын қазалылық Қанат Сырлыбайға берілді. Мүшәйраның бас жүлдесі қызылордалық Бексұлтан Санақұлға табысталды. Өз кезегінде жеңімпаз бен әрбір жүлдегерге, қатысушыға арнайы «Диплом», «Алғыс хат», қаржылай сыйлық табысталды. Ал даңғайыр диқанның ұрпақтары ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдіріп, ақындарға бағалы сыйлықтар үлестірді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ