Шын жүйріктер – жеңіс тұғырында
Өнер мен білімді қатар ұштастыра білген «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының шәкірттері бірнеше республикалық байқауда топ жарып жүр. Өз кезегінде аталған орталықтың «Көркем сөз оқу» үйірмесінің мүшелері Нұрайым Ермек пен Іңкәр Махамбет «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық эссе байқауында дараланды.Білікті маман Аягөз Мұханова жетекшілік ететін үйірме мүшелері «Ауылым – алтын бесігім», «Қазақ тілі – байлығым» тақырыбында эссе жазып, кестелі сөздерімен, көркем ойларымен шығарма мазмұнын жан-жақты аша түскен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асқан байқаудың қорытынды жиыны Астана қаласында өтті. Республикалық байқауда «Қазақстан дарыны» номинациясы бойынша топ жарып, І орын иегері атанған Нұрайым Ермекке арнайы диплом, мүсінше, төсбелгі табысталды. Ал ұйымдастырушылардың дипломымен марапатталған Іңкәр Махамбетке де құрмет көрсетілді. Сонымен қатар оқушылардың жетекшісіне арнайы «Алғыс хат» берілді.
Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы «Көркем сурет» үйірмесінің шәкірттері Балнұр Болатбек, Рәния Әбдіразақ, Мирас Уайдаев, «Білім айнасы» республикалық ғылыми басылымының ұйымдастырған «Бояулар құпиясы» байқауында жүлдегер қатарынан көрінді. Аталмыш байқауда Рәния Әбдіразақ ІІ орынды, Балнұр Болатбек пен Мирас Уайдаев ІІІ орынды иеленді. Талапты балғындардың ұстазы Құралай Тағыбаева суретшілерді көркем өнерге баулып, сурет салудың өзіндік әдіс-тәсілін меңгертуде.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











